Роналду үйлену тойынан кейін жаңа имиджбен «Әл-Наср» сапына қосылды
Роналдудың желідегі парақшасынан
Криштиану Роналду жеке өміріндегі үлкен өзгерістен кейін жасыл алаңға қайта оралды. Джорджина Родригеспен ресми түрде неке қию рәсімін өткізген соң, португалиялық шабуылшы Сауд Арабиясына шұғыл ұшып келіп, «Әл-Наср» клубының жаттығу лагеріне бірден қосылды, деп хабарлайды Bassport.kz.
41 жастағы футбол саңлағы бұл жолы жанкүйерлерін тек үйлену тойымен ғана емес, сырт келбетіндегі күтпеген өзгеріспен де таңғалдырды. Ол көптеген жылдан бері алғаш рет стилін түбегейлі өзгертіп, шашын ашық түске бояған.
Желіде португалиялық шабуылшының бұл жаңа имиджі қызу талқыланып жатыр.Euro-football спорттық порталының мәліметінше, Роналду 2026-2027 жылғы Сауд Арабиясы Про-лигасының жаңа маусымы басталуына небәрі төрт күн қалғанда ұжымдық дайындыққа араласты. «Әл-Наср» сапындағы әріптестері оны отбасын құруымен ерекше ықыласпен құттықтап, жылы қарсы алды.
Естеріңізге сала кетейік, әйгілі шабуылшы таяуда ғана саудиялық клубпен жасасқан келісімшарт мерзімін 2027 жылдың жазына дейін ұзартқан болатын.