"Абылайханның есесін қайтардым": Асланбек Шымбергенов жапондық әлем чемпионын қалай жеңгенін айтты

Бокс
Бокстан Нұр-Сұлтанда өткен "Елорда кубогі" додасында команда капитаны Асланбек Шымбергенов 71 келі салмақта жеңімпаз атанды. Финалда ол жапониялық боксшы, 2021 жылғы әлем чемпионы Шевон Оказаваны жеңген болатын, - деп жазады Bassport.kz.
Турнирден соң сұхбат берген Асланбек тәжірибелі боксшыны қалай ұтқанын айтып берді.
"Жанкүйерлер сенімін ақтағаныма қуаныштымын. Жекпе-жек алдында: "өліспей беріспеймін", - деп айтқан едім. Сол сөзімде тұрдым. Жапондық боксшының асып бара жатқан ештеңесі жоқ. Тәжірибесі және әлем чемпионы деген аты бар. Ал былай алғанда, өзіміз сияқты екі қол, екі аяғы бар адам. Онымен кездесер алдында біраз кездесулерін көріп, тактикалық тұрғыдан дайындалдым. Ол басқа боксшылармен қашып жүріп жұдырықтасатын. Менімен жақын қашықтықты ұстады. Маған да керегі осы еді. Былтыр осы боксшыдан Абылайхан Жүсіпов жеңіліп қалған еді. Осы жолы Абылайхан бауырымыздың есесін қайтардым. Қолдау көрсеткен барша спорт жанкүйерлеріне алғыс айтамын", - деді Асланбек.
Айта кетелік, аталған турнирде Қазақстан командасы 11 алтын жеңіп алды.