Олимпиада-2026: хоккейден жартылай финалға шыққан құрамалар анықталды
Канада - Чехия. Сурет: Gregory Shamus/Getty Images
Италияда өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарының ерлер арасындағы хоккей турнирінің жартылай финалына шыққан құрамалар белгілі болды, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
Жарыстың іріктеу кезеңі қорытындысында ширек финалда Словакия мен Германия, Канада мен Чехия, Финляндия мен Швейцария, АҚШ пен Швеция кездесті.
Ширек финалдың алғашқы матчында Словакия Германияны 5:2 есебімен жеңіп, келесі кезеңге өтті. Жарыс күніндегі өзге үш ойынның жеңімпазы овертаймда анықталды. Алдымен Канада Чехияны жеңіп, Олимпиададағы жарыс жолын жалғастыратыны белгілі болды. Швейцария ойын бойы есепте көш бастап тұрғанымен, Финляндия үшінші кезеңде екі шайба соғып, таразы басын теңестірді және овертаймда жеңісті жұлып алды. АҚШ пен Швеция арасындағы ойын да қосымша уақытқа дейін жалғасып, мұнда америкалық хоккейшілер жеңімпаз атанды.
Осылайша, Олимпиада ойындарының жартылай финалында ойнайтын төрт құрама анықталды. Финал жолдамасын Канада мен Финляндия, АҚШ пен Словакия өзара сарапқа салады. Жартылай финал 20 ақпан күні өтеді.