Қазақ боксына жаңа міндеттер жүктелді

Қазақ боксына жаңа міндеттер жүктелді
Бокс

Olympic.kz

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Руслан Есеналин Ливерпульде өткен әлем чемпионатында қазақстандық боксшылардың өнеріне пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz Kazinform-ға сілтеме жасап. 

Есеналин ұлттық құраманың алдағы жоспарларын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі жеңістер команданың дұрыс бағытта келе жатқанын көрсетеді.

– «Ересектер құрамасы техникалық тұрғыдан мықты бокс көрсетті. Бірақ жетістікке масайрамаймыз. Негізгі мақсат – 2026 жылғы Азия ойындары және 2028 жылғы Олимпиада ойындары. Жүйелі дайындықты бастап кеттік, қателіктермен жұмыс істейміз де, алға жылжимыз», – деді ол.

Сонымен қатар Есеналин бапкерлер құрамының, оның ішінде шақырылған шетелдік мамандардың еңбегін ерекше тоқталды. 

– «Камачо және басқа да сарапшылардың жетекшілігімен жүргізілген функционалдық дайындық спортшыларымызға үшінші раундта да физикалық тұрғыда жақсы өнер көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл – нәтижелі бағытта жұмыс істеп келе жатқанымызды білдіреді», – деді комитет төрағасы.

Ол сондай-ақ күткен нәтижеден төмен көрсеткен боксшыларға қатысты да пікір білдірді. 

– «Іріктеуге дайын жас боксшыларымыз бар. Дегенмен кейбір спортшылар чемпионатқа бабында келе алмады. Біз мұны талдаймыз, қорытындысына қарай шешім қабылдаймыз», – деп түсіндірді Есеналин.  

Айта кетелік, Ливерпульде өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жалпыкомандалық есепте бірінші орынға ие болды. Қазақ боксшылары 7 алтын, 1 күміс және 2 қола жүлде жеңіп алып, тарихи нәтижеге қол жеткізді.