Головкин Қазақстандағы есу спортына қаржыландыру тартты

olympic.kz
Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкин мен бас хатшы Алимжан Акаев Халықаралық каноэ федерациясының (ICF) президенті Томас Конецкомен және ICF Атқару комитетінің мүшесі, пара каноэ комиссиясының төрағасы Джон Эдвардспен кездесті, деп хабарлайды Bassport.kz.
Кездесу барысында тараптар байдарка мен каноэде есу, слалом және пара-каноэ бағыттары бойынша ынтымақтастықты дамыту, спортшылар мен жаттықтырушыларды даярлау тәжірибесімен алмасу және ұлттық, халықаралық жарыстар өткізуге арналған инфрақұрылымды жетілдіру мәселелерін талқылады.
Түркістан қаласында халықаралық деңгейдегі есу каналының құрылысы аяқталуға жақын. Нысан әлемдік стандарттарға сай және заманауи су тазарту жүйесімен жабдықталады.
Сонымен қатар, Қазақстанның бұл спорт түрлеріндегі халықаралық аренадағы белсенділігі артып келе жатқаны атап өтілді. Биыл маусым айында ҰОК Олимпиадалық ынтымақтастық бағдарламасы аясында Continental Athlete Support Grant грантына өтініш беріп, бір олимпиадалық цикл ішінде төрт спорт түріне қолдау көрсетуді ұсынды.
2027 жылға қарай Қазақстан құрамасының байдарка мен каноэде есу командасын қаржыландыру бастамасы мақұлданды. Халықаралық Олимпиада комитеті 25 мың АҚШ долларын (13,6 млн теңге) бөлді. Бұл қаражат халықаралық оқу-жаттығу жиындарына қатысуға, тұрғын үй, жолақы, тамақ, сақтандыру, виза алымдары және қайық жалдау шығындарын өтеуге жұмсалады.