Абайдың 180 жылдығына арналған 180 км ультрамарафон өз мәресіне жетті

7 тамыз күні Семейдегі Абай әуежайынан бастау алған «Abai Joly 100 miles» ультрамарафоны 8 тамызда Қарауылтөбеде аяқталды.
Биылғы жарыс ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды. Байқауға еліміздің түрлі өңірлерінен және шетелден келген 50-ден астам әуесқой спортшы тіркелді. Алайда старт сызығына 31 ғана қатысушы шықты. Қатаң уақыт пен қашықтық шектеулерін еңсеріп, мәреге небәрі 8 спортшы ғана жете алды.
Абсолюттік есепте Орал қаласының 31 жастағы өкілі Баубек Ильясов топ жарып, 180 шақырымдық қашықтықты 19 сағат 9 минутта бағындырды. 20–40 жас санатында семейлік Меир Кутуев (20:34:00) жеңімпаз атанса, 41 жастан жоғары қатысушылар арасында астаналық Әсет Төлтебаев пен атыраулық Саламат Сатеков (22:32:22) үздік нәтиже көрсетті.
Жарыстың бас жүлдесі - Jetour X50 автокөлігі. Сонымен қатар жүлдегерлер 10 млн теңгелік сыйақы қорын өзара бөлісті.
Ерекше атап өтер жайт — 65 жастағы ардагер желаяқ Байзақ Талапнұр мәреге жетіп, 100 000 теңге иеленді.
«Abai Joly 100 miles» ультрамарафоны Қазақстанда үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл — еліміздегі ең ұзақ қашықтыққа арналған және ең қомақты жүлде қоры бар әуесқой жүгіру жарысы ретінде тарихта қалды.