Шынын айтқанда, бұл тізімде сегіз жұп болуы тиіс еді.
2026 жылғы әлем чемпионатында тек жұлдыз ойыншылар ғана емес, ағайынды футболшылар да өнер көрсетеді. Алайда соңғы сәтте тізім бір жұпқа қысқарды: жарақатына байланысты нидерландтық қорғаушы Юрриен Тимбер турнирді өткізіп алады. Осылайша Нидерланд құрамасында Тимберлер әулетінен тек Квинтен ғана қалды.
Дезире Дуэ мен Гела Дуэ (Франция – Кот-д’Ивуар)

Дезире Дуэ – қазіргі футболдағы ең жарқын таланттардың бірі. Ол 20 жасқа дейін қатарынан екі рет Чемпиондар лигасын жеңіп, екі финалда да негізгі құрамда алаңға шықты. ПСЖ вингері үшін бұл алғашқы әлем чемпионаты болмақ. Франция құрамасында әлі толық орнығып үлгермегендіктен, турнирді негізгі құрамда бастамауы мүмкін.
Ал ағасы Гела Дуэ «Страсбург» сапында ойнайды және ұзақ уақыттан бері «Челсидің» назарында жүр. Ол Кот-д’Ивуар құрамасында 2024 жылдың наурызынан бері өнер көрсетеді. Жуырда Францияға қарсы жолдастық матчта жарқырап көзге түсіп, гол мен нәтижелі пас авторы атанды. Кот-д’Ивуар сол ойында 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал өз голын Гела француз логотипі бейнеленген бұрыштама жалаушасын теуіп атап өтті.
Нико Уильямс пен Иньяки Уильямс (Испания – Гана)

«Атлетиктің» қос жұлдызы да әлем чемпионатында ойнайды.
Нико маусымның алғашқы бөлігінде шап жарақатына байланысты аз ойнады, ал көктемде сан бұлшықетін зақымдап алды. Тіпті 23 жастағы вингердің әлем чемпионатын өткізіп алуы мүмкін деген қауіп болған. Дегенмен ол турнирге қатысады, бірақ қазіргі спорттық формасына қатысты сұрақтар бар.
Иньяки ұзақ уақыт Испания құрамасынан шақырту күтті. Алайда 2022 жылғы әлем чемпионаты алдында тағы да шақырылмаған соң, Гана құрамасын таңдады. Ол жаңа командасына тез бейімделіп, көшбасшылардың біріне айналды. Ағасын да жарақаттар мазалағанымен, турнирге толық дайын деп есептелуде.
Айта кетейік, олардың ата-анасы кезінде Сахара шөлін жаяу кесіп өткен.
Тео Эрнандес пен Люка Эрнандес (Франция)
Бұл әлем чемпионатындағы ең танымал ағайындылардың бірі шығар.
Тео Эрнандес өткен жазда «Миланнан» кетіп, «Аль-Хилальге» ауысты. Ол Симоне Индзаги жетекшілік ететін клубта тұрақты ойын көрсетіп, Франция құрамасының негізгі сол қаптал қорғаушысы ретіндегі орнын сақтап қалды.
Люка Эрнандес болса ПСЖ сапында үшінші рет Чемпиондар лигасын жеңіп алды. Ол негізгі құрам ойыншысы болмағанымен, маңызды рөл атқарды. Қыста футболшы өз үйінің алдына қолында 2018 жылғы әлем чемпионатының кубогын ұстап тұрған горилла мүсінін орнатқан еді.
Брайан Бробби мен Деррик Люккассен (Нидерланд – Гана)
Олардың аналары бір болғанымен, әкелері әртүрлі болғандықтан фамилиялары да бөлек.
Брайан Бробби кезінде «Аякстың» ең үлкен таланттарының бірі саналды. Алайда алдымен «Лейпцигте» өзін көрсете алмады, кейін Амстердамға оралған соң да біраз уақыт бейімделу қиынға соқты. Қазір ол «Сандерленд» сапында өнер көрсетіп, 31 матчта 7 гол соқты.
Деррик Люккассен әлем чемпионатына соңғы сәтте шақырту алды. Ганалық қорғаушы Александр Джику жарақатынан уақытында айыға алмаған соң, оның орнына Деррик құрамға енгізілді. Қазіргі таңда ол Кипрдің «Пафос» клубында ойнайды. Чемпиондар лигасында дәл оның голы командасына «Вильярреалды» жеңуге көмектескен еді.
Джон Суттар мен Харри Суттар (Шотландия – Аустралия)
Джон Суттар – «Рейнджерстің» қосалқы құрам ойыншыларының бірі. Ол бүкіл мансабын Шотландияда өткізіп, 2018 жылдан бері ұлттық құрама сапында өнер көрсетіп келеді.
Ал Харри Суттар алғашында Шотландия жастар құрамасында ойнағанымен, 2019 жылы Аустралия құрамасын таңдады. Оның мансабы әлдеқайда жарқын өрбіді: «Сток Сити», «Лестер Сити» және «Шеффилд Юнайтед» клубтарында ойнап, Англия Премьер-лигасында 12 матч өткізді.
Леандро Бакуна мен Жуниньо Бакуна (Кюрасао)
Екі футболшы да Нидерландта дүниеге келген және түрлі жастағы Нидерланд жастар құрамаларында ойнаған. Бірақ негізгі ұлттық құрамаға шақырылу мүмкіндігі төмен екенін түсінген соң, Кюрасао құрамасын таңдады.
Леандро Бакуна – Кюрасао құрамасы тарихындағы екінші үздік сұрмерген. Ол бұл көрсеткіш бойынша тек Рангело Янгаға жол береді.
Жуниньо Бакуна өз кезінде «Рейнджерс» пен «Хаддерсфилд» клубтарында ойнаған. Өткен маусымды Түркияда жалға берілген ойыншы ретінде өткізді. Леандро да кезінде «Астон Вилла» сапында өнер көрсетіп, қазір Түркия чемпионатында доп теуіп жүр.
Ларос Дуарте мен Дерой Дуарте (Кабо-Верде)
Ларос Дуарте – ПСВ академиясының түлегі. Жас кезінде үлкен үміт күттіргенімен, кейін «Спартада» да, «Гронингенде» де тұрақты орын ала алмады. Қазір ол Венгрияның «Пушкаш Академиясы» клубында ойнайды.
Дерой ағасы секілді жоғары бағаланған жоқ. Ол да «Спартада» өз орнын таба алмады, кейін үш маусым «Фортунада» өткізді. 2024 жылдың жазынан бері Болгарияның «Лудогорец» клубының намысын қорғап келеді және командасымен бірге Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдерінде өнер көрсетті.
Фото: Mathias Bergeld/Keystone Press Agency, IMAGO/Gareth Evans/Global Look Press; Gettyimages.ru/Maddie Meyer – FIFA, Orlando Ramirez, Ryan Hiscott, WM Sport Media, Dean Mouhtaropoulos, Carl Recine, Hannah Foslien, Dean Mouhtaropoulos, Ian MacNicol, Franco Arland, Richard Pelham