ҚФФ бірнеше клубтар мен ойыншыларға жаза қолданды

ҚФФ бірнеше клубтар мен ойыншыларға жаза қолданды
Футбол

All Sports Media

2025 жылғы 15 шілде күні Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің кезекті отырысы өтті. Басқосуда Премьер-лиганың 16-турына қатысты бірқатар шешімдер қабылданды.

«Жеңіс» — «Жетісу» матчы:

«Жетісу» командасына төреші тарапынан төрт ойыншы мен бас бапкерге ескерту берілгені үшін 100 АЕК (393 200 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Төлем 15 тамыз 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс. «Жеңіс» ойыншысы Мартинс Жиана қауіпті ойын ережесін бұзғаны үшін екі матчқа дисквалификацияланды. Жаза 14 шілдеден бастап күшіне енді. Ойын кезінде алаңда иттің пайда болуы және қауіпсіздік талаптарының орындалмауына сәйкес «Жеңіс» клубына ресми ескерту жасалды.

«Тобыл» — «Оқжетпес» матчы:

«Тобыл» командасы алаңға кешігіп шығуына байланысты 60 АЕК (235 920 теңге) көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді. Айыппұл 15 тамызға дейін төленуі тиіс.

Дисквалификацияны ішінара тоқтату:

«Жеңіс» ойыншысы Исламбек Қуатқа қатысты дисквалификация ішінара тоқтатылып, ойыншыға 6 айлық сынақ мерзімі белгіленді. Осыған ұқсас шешім «Тобыл» ойыншысы Амура Карабаеваға да қатысты қабылданды — оған да 6 айлық сынақ мерзімі берілді.

«Елімай»:

«Тобыл» командасына қарсы өткен 15-тур ойынына байланысты төрешілердің жұмысы туралы әлеуметтік желіде жарияланған орынсыз пікір үшін клубқа ресми ескерту берілді.

Барлық жазалар Қазақстан футбол федерациясының тәртіптік регламентіне сәйкес рәсімделген.