Серікжан Мұжықов «Елімай» сапына ауысуы мүмкін

ФК “Астана”
«Жетісу» және Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы Серікжан Мұжықов семейлік «Елімай» клубына ауысуы мүмкін, деп хабарлайды BasSport.kz, Meta-ratings.kz-ке сілтеме жасап.
35 жастағы тәжірибелі хавбекке «Елімай» үлкен қызығушылық танытып отыр. Қазіргі уақытта тараптар келіссөздер жүргізуде. Талдықорған футболының түлегі Мұжықов 2008-2013 жылдары туған клубы «Жетісу» сапында ойнап, 2011 жылы Премьер-лиганың күміс жүлдегері атанған. 2014-2019 жылдары «Астана» клубында ойнап, 6 рет ел чемпионы, 2 рет Қазақстан Суперкубогының иегері және 1 рет Қазақстан Кубогының жеңімпазы болды. Сондай-ақ, оның мансабында қызылордалық «Қайсар» мен қостанайлық «Тобыл» клубтары бар.
2011 жылдан бері Қазақстан ұлттық құрамасына тұрақты шақырту алып жүрген Мұжықов 26 матч өткізіп, 2 гол соқты.