Черчесовты Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметінен қашан босататыны белгілі болды
Футбол
ҚФФ
Ресейлік маманға Қазақстан құрамасындағы жағдайды түзету үшін қанша уақыт берілгені анықталды, деп хабарлайды Bassport.kz.
“ВсёПроСпорт” мәліметінше, Станислав Черчесовқа 2026 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы екі матчты өткізуге мүмкіндік берілмек. 22 наурызда Қазақстан құрамасы сырт алаңда Уэльспен кездессе, 25 наурызда Лихтенштейнге қонаққа барады.
“Негізгі мәселе — келісімшартты бұзу үшін төленетін үлкен өтемақы. Жоғары жақтан “математиканы қараңдар” деген нұсқау түсті. Черчесовтың өзі 2018 жылғы әлем чемпионатының алдында да қызметінен кету мәселесі көтерілгенін, бірақ турнирден кейін оны бүкіл ел сүйіп қалғанын айтады. Ол ойыншылардың өзін сыйлайтынын, ал өзінің оларға үйренісіп қалғанын алға тартуда. Сондықтан оған іріктеу кезеңінің алғашқы екі турын өткізуге мүмкіндік берілуі ықтимал.
Сол матчтарда (Уэльс және Лихтенштейн) 2, 3 немесе 4 ұпай жинаса, әңгіме басқаша болады. Ал егер нәтиже болмаса, мамыр айында “1+1” схемасы бойынша оның келісімшарты аяқталады және оны қиындықсыз босатуға болады. Қазірдің өзінде оның орнына шетелден үш үміткер қарастырылуда,” — деді дереккөз.