Кирилл Ляпунов: «Бәріне ойнай алатынымызды дәлелдедік»

Кирилл Ляпунов: «Бәріне ойнай алатынымызды дәлелдедік»
Хоккей

IIHF

Хоккейден Қазақстан жастар құрамасы кеше түнде тарихи матч өткізді деуге болады. Командамыз 2:4 есебімен жеңіліп жатып, бес минуттық айып уақытын алғанына қарамастан, таразы басын теңестіре білді. Словакиямен матчты овертаймға ұластырған Кирилл Ляпунов BasSport.kz тілшісіне сұхбат берді.

- Бүгін бүкіл елге ойнай алатынымызды көрсеттік, қолымыздан келді. Командаға, бапкерлер штабына бүгінгі ойын үшін рақмет айтқым келеді. Бәрі барын салды. Бірінші кезеңді нашар өткіздік, алайда әрі қарай нағыз командалық ойын өрнегін көрсеттік. Кез келген командаға қарсы ойнай алатынымызды дәлелдедік.

- Словакиямен матчтағы ең маңызды дүние не болды?

- Бастысы командалық ойын болды. Бәріміз бір бүтіндей айдынға шығып, бір-бірімізге қолдау көрсеттік, ешкім негатив көрсеткен жоқ. Осының арқасында осындай нәтижеге жеттік. Бұдан да жақсы өнер көрсете алатын едік, алайда сәл жетпей қалды.

- Конькимен соққан бір шайбаң есепке алынбады. Осы сәт туралы толығырақ айтып берші.

- Қақпа алдына қарай бара жатыр едім, шайба маған тиді, шынын айтқанда, ешқандай қимыл жасағым келмеген, тек осылай болып шықты. Шайбаны есепке алады деп ойладым. Бірден қолымды көтердім, төреші сенетін шығар деген ойым болды.

- Бәрі жылдам өтіп жатқандықтан, ойын таяғыңды қойып үлгермедің бе?

- Алдымен шайбаны конькимен қабылдап, сосын ойын таяғыммен қақпаға қарай бағыттауды жоспарлағам. Бірақ, шайба бірден қақпаға кіріп кетті.

- Сені ойынның қаһарманы десек болады. Матчты овертаймға ұластырдың. Асанәлидің бес минуттық айып уақытын алуы командаға жігер бере түсті ме?

- Өзімді қаһарман деп айта алмаймын. Команданың бәрі – қаһарман, тек маған сондай мүмкіндік бұйырды. Шайбаны тартып алуға үйреткен Андрей Викторович Шаяновқа алғыс айтқым келеді. Шықтым да, шайба соқтым. Бес минут айып уақытын алуымыз гол соғуымызға күш берген сияқты. Қарымта шабуылға шығып, шайба соққан Давлат жарады. Оның шайбасынан кейін шабуылға деген ұмтылысымыз арта түсті, солай гол соқтық.

- Камбэк жасап, овертаймда жеңілген матч өзге ойындармен салыстырғанда, көңіл-күйді қаттырақ түсіретін болар?

- Иә, бұлай жеңіліс табу көңіл-күйді түсіреді. Овертаймда ақылға сыймайтын қателік жібердік. Алайда бұл – хоккей, бастысы еңсені түсірмеу керек. Алда тағы матчтар бар, жеңіске жетуге тырысамыз.

- Бұған дейінгі екі ойынды ұмыту керек, ал бүгін өздеріңнің қалай, қандай деңгейде ойнай алатындарыңды көрсеттіңдер. Бүгінгі ойын Швейцариямен матчқа қалай әсер етеді?

- Бұл ойын бізге жағымды эмоция сыйлады. Осы эмоциямен шығып, Швейцарияны жеңі керек. Бастапқы екі матчты қорқынышты түстей ұмыту қажет. Олар артта қалды, кері қайтара алмайсың, нашар ойнадық, алайда бүгін бәріне ойнай алатынымызды дәлелдедік. Бастысы – еңсені түсірмей, соңына дейін бір команда болу.

- Швейцария туралы не айтасың?

- Бұл команда туралы білмеймін, ойындарын көрген жоқпын. Бірақ, ол да мұндайғы барлық құрамалар сияқты осыл емес. Алайда біз осы матчта жеңіске жету үшін бар күшімізді саламыз.