Иван Дычко мен Баходир Джалоловтың жекпе-жегі туралы пікірталас қайта қыза түсті
Getty Images
Brunchboxing.com сайтының тұрақты авторы әрі Brunch Boxing подкастының жүргізушісі Мэттью Браун қазақстандық және өзбекстандық кәсіпқой боксшылардың арасында аса ауыр салмақтағы қызықты айқасты көргісі келетінін мәлімдеді, деп хабарлайды BasSport.kz Sports.kz-ке сілтеме жасап.
Әңгіме әзірге жеңіліс көрмеген екі боксшы – Иван Дычко (14-0, 13 КО) мен Баходир Джалолов (14-0, 14 КО) арасындағы ықтимал жекпе-жек туралы болып отыр. Мэттью Браун өзінің Brunch Boxing платформасында жарияланған Дычконың АҚШ-тағы жаттығу видеосын қайта бөлісіп:
«Қараңыздар, сіз ешқашан естімеген ең үздік аса ауыр салмақтағы боксшы. Екі метрлік алып Иван Дычко (14-0, 13 КО) қолының жылдамдығы мен қуатын көрсетіп жатыр. Ол 27 желтоқсанда Қазақстанда рингке оралады», – деп жазды. Сондай-ақ, Браун өз сөзінде: «Дычко мен Джалоловтың жекпе-жегін көргім келеді», – деп атап өтті.
Айта кетейік, Дычко мен Джалолов әуесқой бокста үш рет кездескен, және үш жағдайда да қазақстандық боксшы жеңіске жеткен.