Михаил Мудрик уақытша ойыннан шеттетілді
Getty Images
17 желтоқсанда лондондық “Челси” клубы украиналық жартылай қорғаушы Михаил Мудриктің допинг-сынағынан оң нәтиже шыққаны туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Bassport.kz.
Соңғы күндері БАҚ-та Михаил Мудриктің сынамасынан тыйым салынған зат табылғаны туралы ақпараттар тарады. Осыған байланысты клуб ресми жауап берді.
“Англия футбол қауымдастығы (FA) Михаил Мудрикке сынақ нәтижелеріндегі күмәнді жайттар бойынша хабарласты. Клуб пен Михаил FA-ның тестілеу бағдарламасын толығымен қолдайды, және барлық ойыншыларымыз, соның ішінде Михаил, тұрақты түрде тексеруден өтеді. Михаил ешқашан тыйым салынған заттарды әдейі қолданбағанын қатаң түрде мәлімдейді. Қазір ойыншы мен клуб тиісті органдармен бірлесе отырып, сынама нәтижелерінің себебін анықтауға күш салуда”.
ФК «Челси» мәлімдемесінен
Daily Mail мәліметінше, Михаил Мудрик соңғы бес матчты өткізіп алған және сынақ нәтижелеріне байланысты ойындарға қатыса алмай отыр.
Қазіргі уақытта мәселеге тамақ қоспасынан табылған зат себеп болуы мүмкін екені айтылуда. Сонымен қатар, тыйым салынған заттың Мудриктің ағзасына Англиядан тыс жерде түсуі ықтимал екені де хабарланды.
Бұдан бөлек, басқа дереккөздерге сәйкес, қараша айында Украина құрамасы үшін өткен матчтан кейін Михаил Мудриктің сынамасынан мельдоний табылғаны белгілі болды.