Хоккей: Ұлыбританияға кеткен Қазақстан құрамасының үш ойыншысы елге қайтып келді

Хоккей: Ұлыбританияға кеткен Қазақстан құрамасының үш ойыншысы елге қайтып келді
Хоккей

Биылғы маусым алдында қазақстандық төрт хоккейші Мәди Диханбек, Максим Мусоров, Николай Шульга мен Артур Гатиятов ұлыбританиялық «Файф Флайерз» командасымен келісімшарт жасасқан. Маусымның бірнеше айынан кейін төрт ойыншымыз да «Файф Флайерзбен» келісімшартын үзді, деп хабарлайды BasSport.kz сайты. 

Әрі төрт ойыншының үшеуі - Мәди Диханбек, Максим Мусоров пен Николай Шульга Қазақстанға қайтып келді. 

Кеше «Барыс» хоккей клубы Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Мәди Диханбекпен және шабуылшы Николай Шульгамен екіжақты келісімшарт жасалғаны туралы ресми мәлімдеді. Хоккейшілермен жасалған келісімшарт 2025 жылдың 31 мамырына дейін есептелген. Мәди "Файф Флайерз" құрамында 16 матчқа қатысып, екі нәтижелі пасты өз есебіне жазған. Ал Николай болса, 12 ойында 3 (2+1) ұпай олжалаған. 

Ал Максим Мусоров болса, мансабын өскемендік «Торпедо» сапында жалғастырады. Шабуылшы Британдық элиталық хоккей лигасының 12 ойынында 7 (4+3) ұпай еншілеген болатын. Елге оралған Максим Қазақстан чемпионатындағы алғашқы матчын өткізіп те үлгерді әрі сол ойында екі нәтижелі пастың авторы атанды. 


Артур Гатиятов болса, мансабын Франция біріншілігінде жалғастырады. Форвард «Шамони» клубымен келісімшартқа қол қойған.