ФИФА-ның бұрынғы президенті: “Мен монстр жасадым”
Футбол
Getty Images
ФИФА-ның бұрынғы президенті Йозеф Блаттер халықаралық футбол ұйымының қазіргі жағдайы туралы өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz.
“Мен монстр жасадым. Мен ФИФА-да даму бағдарламаларының директоры болып 1975 жылы жұмыс істей бастаған кезде ұйым өте кедей еді. Мысалы, adidas сияқты демеушілер ешқандай ақша төлемейтін – олар тек доптар мен футбол формаларын беретін. Алғашқы ақшалай демеушілік келісім 1976 жылы Coca-Cola-мен жасалды. Кейін қоғамдық телеарналар жарнама көрсетуге рұқсат берді. Сол кезден бастап футбол телеарналар үшін үлкен ақшаға сатылатын суперөнімге, супершоуға айналды,” – деді Блаттер Watson-ға берген сұхбатында.
88 жастағы швейцариялық Йозеф Блаттер 1998 жылдың маусымынан 2015 жылдың қазанына дейін ФИФА-ны басқарды. 2015 жылдың желтоқсанында ол этика жөніндегі комитеттің шешімімен сыбайлас жемқорлық жанжалдарына байланысты футбол қызметінен сегіз жылға шеттетілді. 2016 жылдың ақпанында бұл мерзім алты жылға қысқартылды.
Ал 2021 жылдың наурызында ФИФА-ның ресми сайты оның этика кодексін бұзғаны үшін тағы алты жыл сегіз айға шеттетілгенін хабарлады.