Михаил Шайдоров: Бұл элементті секіруге үш жыл дайындалдым  

Михаил Шайдоров: Бұл элементті секіруге үш жыл дайындалдым  

Isu.org

Қараша айының 1-3 күндері Францияда өткен мәнерлеп сырғанаудан гран-при сайыстарының үшінші кезеңі қазақ спорты үшін тарихи сәтпен есте қалды. Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Bassport.kz-ке берген сұхбатында мәнерлеп сырғанаудың ең күрделі элементін алғаш рет сәтті орындағанын жеткізді.

Қараша айының 1-3 күндері Францияда мәнерлеп сырғанаудан гран-при сайыстарының үшінші кезеңі өтті.

Міне дәл сол жарыста отандасымыз Михаил Шайдоров мәнерлеп сырғанау спортының тарихында алғаш өте күрделі элементті секірді. Сөйтіп еліміздің үш дүркін чемпионы тек ел спорты ғана емес, сонымен қатар әлем спортында да тарихта қалатын болды.

Мәнерлеп сырғанау спортындағы өте күрделісаналатын секірмектер тарихына келсек, әлемде ең бірінші болып ресми жарыста төрт айналым элементті секірген спортшы – Курт Браунинг. Мәнерлеп сырғанауда секірудің алты түрі бар. Оларды спортшылар осы күндері бір айналымнан бастап төрт айналымға дейін қабілеттерінің жеткенінше орындап жүр. Бұл тек жаттығу барысындағы бір элемент. Ал Халықаралық конькишілер одағының тағы бір талабы бойынша жаттығу кезінде сонымен қатар бірнеше секіруді қатарынан орындау ережесі де бар. Міне тап сондай элементтердің бірі 3 айналым аксель мен төрт айналым тулупты ресми жарыста бірінші орындаған - Михаил Шайдоров.  

Михаилдың Францияда өткен жарыстан соң Алматыға келгенін пайдаланып, тілдесудің сәті түсті. 

- Михаил, өте күрделі де тарихи элементті бірінші болып қазақстандық спортшының секіргенін көріп қатты қуандық. Құтты болсын! Бұл элементті секіру үшін дайындыққа канша уақыт кетті?

- Рахмет, әрине мұндай қиын каскадты секіру оңай емес. Үйреніп бастағаннан оны жақсы секіріп шыққанға дейін 3 жыл бойы жаттықтым. Яғни бірінші рет 2021 жылы байқап көрген едім. Содан, өткен маусымдағы әлем чемпионатынан кейін, келесі жылы міндетті түрде жарыстарда еркін жаттығу кезінде жасағым келетінін түсіндім. Сөйтіп біртіндеп өзімді психологиялық тұрғыдан да дайындай бастадым. Қазан айында «Денис Тен Мемориалға» келгенде секірем деп шештім. Бапкерім алғашында бұл ойымды құптай қойған жоқ. Бірақ еркін жаттығуды орындау кезінде аздап қателескесін ол элементті сол жерде секіру мүмкін болмай қалды. Бір жағынан сол жерде ол каскадты секіре алмай қалғаным да жақсы болды ма деп ойлаймын. Өйткені Францияда қысқа бағдарламам сәл сәтсіздеу шыққаннан кейін, еркін жаттығуда міндетті түрде байқап көргім келді. Бір қызығы Анжеде жай дайындық кезінде ол элемент сәтті болған жоқ, ал дәл жарыста өте жақсы шықты. Мен өте қуаныштымын.

- Қысқа бағдарламаға келсек, сол жерде көбі шатасып жатты. Қысқа бағдарламаңыз әлем бойынша осы маусымдағы ең бір күрделі жаттығулардың бірі. Францияда төрттік лутцыңыз жақсы орындалмады. Лутц өзі о бастан өте қиын элемент. Ал оны төрт айналым етіп орындау одан да қиын. Әлемде оны секіретіндер де саусақпен санарлық. Оның орнына бір оңай төрттікті секіргенімде ұпайым көбірек болатын еді деген ой келген жоқ па? Жалпы бапкеріңіздің тактикасы қандай?

- Ондай ойдың болуы мүмкін емес. Себебі төрттік лутцты мен жақсы секірем және де қысқа бағдарламаның алдындағы 6 минуттық пысықтау кезінде де еш кедергі сезгем жоқ. Ондай жағдайлар спортта болып тұрады. Сақадай сай тұрасың, дегенмен жолың болмай жатады. Алдағы сайыстарда қысқа бағдарламаны өзгерту ойымызда жоқ, Керісінше сайыстан сайысқа осы қүрделі элементтерді сапалы да жақсы орындай берген сайын төрешілер де мықты екеніңе көзі жетіп, ұпайыңды жақсы беретін болады. Қысқа бағдарламам қазір әлемдегі ең күрделі жаттығулардың бірі. Сондықтан да оны жеңілдетеміз деген ой жоқ.


- Францияда сол еркін жаттығу барысында төрешілер алдымен сіздің каскадыңызды үштік аксель-үштік тулуп деп есептеді. Кейін қайталау барысында шатасқандарын түсініп, түзеп қойды. Жалпы сайыс аяқталғаннан кейін төрешілермен «кері байланыс» бола ма?

- Ол енді төрешілер жақтан кеткен кемшілік, оған ештеңе айта алмаймын ғой. Менің міндетім мейлінше жақсы сырғанау мен секіру. Бапкерімнің де айтатыны үнемі осы. Яғни алдын ала кесіп-пішпейміз, төрт минут берілді ме сол уақытта барымызда саламыз. Ал онытөрешілер қалай бағалайды, ол сол мамандардың еншісінде. Францияда ерлер мен жұптардың сайысына төрелік еткендердің ішінде біздің де маман болды. Регина Шамшилова. Сайыс аяқталған соң басқа төрешілер тарапынан айтылған ескертулер мен тілектерді бізге жеткізді. Әрине ондай ескертулерді біз түзетуге тырысамыз.

- Әр турнир аяқталған соң әлеуметтік желілерде, форумдарда жанкүйерлер арасында қызу талқы жүреді. Міне сондай форумдардың бірінде, былтыр Скейт Канадада, биыл Францияда төрешілер Михаилға ұпайды аз берді, себебі оның федерециясының әлемдегі беделі жоқ, кішігірім федерация деп жатты. Осы айтылғандармен келісесіз бе? Үлкен федерацияның өкілі болған қаншалықты маңызды?

- Америка, Жапония, Канада, Франция секілді мәнерлеп сырғанаудың төрт түрінен де мықты федерацияның құрамында болған жақсы әрине. Ондай елдерден үнемі жарыстарға қомақты команда ғана барып қоймайды, төрешелері, журналистері, сонымен қатар дәрігерлері, массаж жасайтын адамдары, менеджерлері бірге жүреді. Әсіресе үлкен жарыстарға барғанда жаныңда дәрігер жүрген көп көмегін тигізеді.

- Бізде өзі халықарлық турнирлерге төрешілік етіп жүрген әзірге екі маман бар. Олар сіз қатысатын турнирлерге кезектесіп барады кейде шақырылмай жатады. Ал медициналық көмек көрсететін маман бар ма?

- Дәрігеріміз жоқ. Менің білуімше мәнерлеп сырғанау командалық спорт түріне жатпағандықтан бізде ондай штат қарастырылмаған. Мысалы маған жанымда дәрігердің жүргені көп септігін тигізер еді. Болашақта біздің федерацияның басқалардай үлкен топ болып жүретін кезі де келер деп ойлаймын.


- Әрине, солай болады деген үміт оты сөнбесін. Ал сіздің осы маусымдағы бағдарламаларыңызға келсек. Қысқа бағдарламада «Дюна». Еркін жаттығу – классикалық шығарма мен заманауи музыканың қосындысы. Стилі жағынан екі түрлі бағдарлама. Музыканы кім таңдады? Неге осы тақырыптарды алдыңыз?

- Былтыр «Дюнаның» екінші бөлігі шығып, киноға барғаннан кейін музыкасы қатты ұнады. Жалпы Х.Циммердің шығармаларын жақсы көрем. Сондықтан да бірден қысқа бағдарламаға алуға болады деген ой келді. Оны бапкерім мен хореографым да қолдады. Ал еркін жаттығуға келсек ол менің бір шағын «жаңалығым» деп те айтуға болатын шығар. Стилі жағынан екі түрлі музыканы қосып бір тың дүние жасағымыз келді. Бір жағынан менің классикалық та, заманауи әуенге де өнер көрсете алатынымды көрсеткіміз келгені тағы бар. Сонымен қатар мәнерлеп сырғанау десе бірден классикалық музыкаға сырғанап жүрген спортшы ойға келетінін білеміз. Ал біз бұл спорттың жыл өткен сайын бір орында тұрмай одан әрі дамып жатқанын заманауи музыка арқылы көрсеткіміз келді. Менің ойымша бұл ойымыз жүзеге асқан да секілді, дәл осы бағдарламада мәнерлеп сырғанауда бұрын соңды ресми жарыста ешкім жасамаған элемент орындалды. Осынысымен ақ біздің осы жаттығу арқылы айтқымыз келген ой діттеген жеріне жеткен секілді. 

- Кезінде сіздің бапкеріңіз А.Урманов «қазір төрттіктерді көбі секіре алады, жарыстарда жеңем деген спортшы, өзінің бағдарламасына, оныңмузыкасына, көркемдік жағына көп көңіл бөлу керек» деген еді. Осы сөзбен келісесіз бе?

- Бұл жерде бірден айту қиын. Жаттығу қанша жерден әдемі, мазмұны жағынан көркем, би қимылдары керемет үйлесімді болып, бірақ төрт айналым секірмектер болмаса жылдың басты жарыстарында жүлде алу мүмкін емес. Ал бір жағынан қазіргі талап бойынша спортшы бағдарламасын таза, қатесіз орындауы қажет, сонымен қатар элементтердің музыкамен үйлесуі де маңызды, сонда ғана көрермен де, төрешілер де әділ бағасын береді. Менің ойымшабапкерім айтқан оймен келісуге болады. Екінші жағынан төрт айналым деп секірмектердің соңына түсе беру де қауіпті. Мұны мен жақсы түсінемін.

- Осы маусымдағы жаттығуларыңызға қарап отырыпхореографиялық, әртістік жағыңыз да жақсарып қалғанын байқадық. Бұның әрине бір күндік әзірлікпен келмейтіні белгілі. Жазда Жапониядағы шоуға қатыстыңыз. Өздерінде мықты мәнерлеп сырғанаушылар көп. Соған қарамай Қазақстанның да спортшысын шақырғандарына қуандық. Оның да әсері болған шығар?

- Әрине, шоудың арқасында біріншіден спорттық бабыма келдім, екіншіден әртістік жағына көп көңіл бөліп, еңбектендім. Себебі Жапонияда мәнерлеп сырғанаудың жанкүйерлері өте талғампаз. Бірнеше қаланы аралап, өнер көрсеттік. Ұйымдастыру жағы өте жоғары деңгейде болды. Шоудан тыс, өзім жаттығуым керек деген спортшыға мұзы да әзір тұрды. Кейбір жанкүйерлерге шоуға қатысу бұл уақытты текке өткізу болып көрінуі мүмкін. Мәнерлеп сырғанау - өнерге ең жақын спорт түрі болғандықтан, көрермен алдына жиі шығып тұру өте маңызды. Көрерменмен қарым қатынас, музыканы жақсы сезініп, оны көрерменге жеткізе білу, тіпті бет-әлпеттің мимикасы бәрі-бәрі үйлесімді болуы өте маңызды. Сондықтан да шоуға қатысқаннан тек пайда бар. Өзіме көп пайдасын тигізді..


- Михаил, қазір маусымның ортасына жақындап қалдық, алда әлі өте маңызды жарыстар бар. Атақты мәнерлеп сырғанаушы Б.Бойтано Лиллехаммер олимпиадасында жеңіліп қалғанда«Спортшы турнирге келгенде тайталасты қалап тұруы керек, ал мен тек жеңіске жеткім келді» деген екен. Жарыстарда мұзға шыққанда сіз жеңіс туралы ойласыз ба?

- Әр мәнерлеп сырғанаушы үшін мұзға шыққан сәт – бұл мереке, сонымен қатар ол сайысқа не үшін қатысып жатқаныңды да ұмытпау керек. Әрине олимпиада чемпионының айтқанымен толықтай келісем, себебі тек сондай тайталас бар жерде ғана міндетті түрде жеңіс болады. Бұл жерде тек қарсыластарыңды ғана емес, бірінші кезекте өз-өзіңді жеңе біліп, спортта болатын қиындықтарға шыдап, кез-келгеннің қолынан келе бермейтін элементтерді істеп, жанкүйеріңе керемет эмоция сыйласаң, міне сол жерде ғана жеңіс көп күттірмейтінін айтқым келеді. 

Сұхбаттасқан Лилиана Әлжанова