Қазақстандық жас теннисші Мысырдағы жарыстың ширек финалына шықты
Sports.kz
Қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингіде 1024-орында тұрған 19 жастағы Аружан Сағындықова Шарм-эль-Шейх (Мысыр) ITF W15 турнирінің ширек финалына шықты. Bassport.kz бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық теннисші екі кездесуін сәтті өткізді.
Аружан алдымен әлемнің – 754, осы жарыстың 7-ракеткасы, мысырлық, 21 жастағы Ясмин Еззатты жолдан тайдырды – 7:6 (10:8), 6:0. А.Сағындықова 4 қазанда Шарм-эль-Шейхте дәл осы теннисшіден 3:6, 3:6 есебімен ұтылған еді. Сонда кеткен есені қайтарды.
Аружан екінші айналымда германиялық Энн Акаша Сеусаның мысын басты – 6:2, 6:3.
Аружан Сағындықова жартылай финалға шығу үшін әлемнің – 451, турнирдің 1-ракеткасы, тағы бір корт иесі Сандра Самирмен таласады.
Тағы бір қазақстандық жас теннисші, әлемнің 650-ракеткасы Соня Жиенбаева Кайсери (Түркия) ITF W35 додасында бір күнде екі матч өткізді.
Соня әуелі рейтингіде 729-орында тұрған румыниялық Стефания Божицаны екі сағаттан астам уақытқа созылған тартысты бәсекеде 7:6 (7:1), 7:6 (7:2) есебімен жеңді. Алайда екінші айналымда әлемнің – 243, турнирдің 2-ракеткасы, словениялық Далила Якуповичтен айласын асыра алмады – 1:6, 1:6. Сөйтіп ширек финалдан тыс қалды.
Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 55-ракеткасы Александр Недовесов германиялық Кевин Кравицпен бірге Базель ATP 500 турнирінің жартылай финалына шыға алмады. Олар осы жарыстың 1-ракеткалары, нидерландылық Уэсли Колхоф – хорватиялық Никола Мектичке жол берді – 4:6, 6:7 (5:7).