«60 миллион теңге қарыз». Қазақстандық футболшы 3 жылға сотталды

«60 миллион теңге қарыз». Қазақстандық футболшы 3 жылға сотталды
Футбол

Ақжайық ФК

«Ақжайық» футбол клубының бұрынғы ойыншысы Азат Ерсалимов екі қылмыстық бап бойынша сотталды.

«Сот үкімімен Азат Ерсалимов екі бап бойынша кінәлі деп танылды. Оған 3 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталған азамат жазасын орташа қауіпсіздік қылмыстық-атқару жүйесінде өтейді», - делінген ақпаратта.

Азат Ерсалимов 2005 жылы «Семей-2» клубының құрамында, сондай-ақ әр жылдары әртүрлі клубтарда, соның ішінде 2017-18 маусымында Орал қаласының «Ақжайық» клубында өнер көрсетті. Оған алаяқтық және орташа деңгейдегі денсаулыққа зиян келтіру бабы бойынша айып тағылып отыр.

Экс-футболшы 2022 жылдан 2023 жылға дейін әртүрлі сылтаумен туыстарынан, достарынан және таныстарынан ақша алып отырған. Жәбірленушілер 60 миллион теңге бергенін айтады. Олар ақша беру үшін несие алуға мәжбүр болған. Ал қарызын қайтармақ болған танысын футболшы соққыға жығып, қабырғасы сынып, миы шайқалған.

Ерсалимов жәбірленушілердің барлық шағымдарын және өзіне тағылған айыптарды толық мойындады.