Бірінші лига: «Түркістан» мен «Каспий» тең түсті

Бірінші лига: «Түркістан» мен «Каспий» тең түсті
Футбол

kazfootball.kz

Футболдан Қазақстан Бірінші лигасының 19-туры аясында «Түркістан» командасы өз алаңында ақтаулық «Каспий» футбол клубымен кездесті, деп хабарлайды Bassport.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ойынның алғашқы бөлігінде гол болмады. 45 минут бойы бірде-бір гол көре алмаған жанкүйерлер екінші тайымда төрт бірдей голдың куәсі болды. Матчтағы алғашқы гол 50 минутта 11 метрлік айып соққысынан салынды. Голдың авторы «Каспий» командасының ойыншысы - Бекзат Қаблан. Түркістандық жігіттер де қарап қалмады. 74 минутта айып соққысын керемет орындаған Әбділхай Бейбарыс таразы басын теңестірді. Ойынның аяқталуына 2 минут қалғанда «Түркістан» командасы Артем Литоштың гол соғуымен есепте алға шықты. Алайда, ақтаулық аяқдоп шеберлері төреші қосқан қосымша уақытта таразы басын теңестіріп кетті. Каспий командасын жеңілістен құтқарған Муроджон Халматов болды.

Ойын 2:2 есебімен тең аяқталып, қос команда бір-бір ұпайдан еншіледі. 19-турдан кейін «Түркістан» командасы 11 ұпаймен турнирлік кестеде 12-орынға жайғасты. Ал, ақтаулық «Каспий» клубы 27 ұпаймен 8-орынын сақтап қалды.