Түркістан қаласындағы жаңа алаңда жасөспірімдер арасында футболдан біріншілік өтті

Түркістан қаласындағы жаңа алаңда жасөспірімдер арасында футболдан біріншілік өтті
Футбол

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Түркістанда халықтың бос уақытын тиімді пайдалану үшін игі іс-шаралар атқарылып жатыр. Соның жалғасы іспетті күні кеше «Отырар» тұрғын алабына қарасты Сүгір Әлиұлы көшесінде жаңа ашық алаң пайдалануға берілді. Осыған орай қалалық «Балалар мен жасөспірімдер спорт клубының» ұйымдастыруымен футболдан 2012-2013 жылғы жасөспірімдер арасында біріншілік өтті. Бұл туралы Bassport.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Спорттық шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев пен мәслихат депутаттары сектор тұрғындарымен тілдесіп, мәселелерін тыңдады. Футбол жарысының ашылу салтанатында сөз сөйлеп, жас спортшыларға тілектерін білдірді.

Сайысқа облыс орталығының әр секторынан құралған 6 команда қатысып, «Шауғар» тұрғын алабының жас футболшылары 1-орынды иеленді. «Отырар» секторына 2-орын, «Сауран» секторына 3-орын бұйырды.

Айта кетейік, Түркістан қаласында 130-дан аса ашық алаң бар. Бұқаралық спортты дамыту мақсатында бейсенбі-жұма күндері «Жазғы демалыс спортпен» ұранымен ашық алаң ойындары ұйымдастырылып келеді. Аталған ойынның финалдық кезеңі 23 тамыз күні О.Жарылқапов атындағы стадионда «Спорт күні» мерекесіне орай өткізіледі.