Бірінші лига: «Жетісай» командасы «Ақжайықты» жеңді

Бірінші лига: «Жетісай» командасы «Ақжайықты» жеңді
Футбол

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Қазақстан Бірінші лигасының кезекті туры аясында «Жетісай» футбол командасы өз алаңында «Ақжайықпен» кездесті, деп хабарлайды Bassport.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Ойынның алғашқы таймының бірінші жартысында қарсылас команданың қарым-қабілетін бағамдаған жетісайлықтар шабуылды үдетті. Матчтың 37-минутында алаң қожайындарының сапынан Рамазан Абылайхан гол соқса, 43-минутта Әділет Омарбек есепті еселеді. Осылайша алғашқы тайм 2:0 есебімен аяқталды.

Кездесудің екінші бөлігінде де жетісайлықтар шабуылдай жүріп, қорғаныста сәтті ойнай білді. 63-минутта Асылжан Асатулла есепті 3:0-ге жеткізді. Тартысты ойынды тамашалап, жергілікті командаға жанкүйер болған Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен ел азаматтары матчтан соң теңбіл доп шеберлерін жеңісімен құттықтады.

Айта кетейік, «Ақжайық» құрамасын айқын басымдықпен жеңген «Жетісай» командасы 18 кездесуден соң 34 ұпай еншілеп, турнир кестесінде ІІ орынға табан тіреді.