Путинцева АҚШ ашық біріншілігінде Монтеррей чемпионын қапы қалдырды

Путинцева АҚШ ашық біріншілігінде Монтеррей чемпионын қапы қалдырды
Теннис

ҚТФ

Қазақстанның екінші, әлемнің 32-ракеткасы Юлия Путинцева АҚШ ашық чемпионатын жеңіспен бастады, деп хабарлайды Bassport.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда әлемнің 25-ракеткасы, 19 жастағы чехиялық Линда Носковамен бетпе-бет келді.

Носкова өткен аптада Мексикадағы Монтеррей WTA 500 турнирінің чемпионы атанып, әлемдік рейтингіде 35-тен 25-ке көтеріліп, жеке рекордын орнатқан еді.

Тартысты өрбіген бірінші партияда қазақстандық теннисші тай-брейкте таразы басын өзіне аударды – 7:6 (7:4). Екіншісінде 6:4 есебімен жеңісті түйіндеді. Бір сағат 41 минутқа созылған бәсеке барысында Путинцева 3 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуінде қапы кетпеді. Носкова 6 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың төртеуін пайдаланды.

Юлия Путинцева үшінші айналымға өту үшін әлемнің 40-ракеткасы, қытайлық Синьюй Ванмен шеберлік таластырады. Өткен жылы АҚШ чемпионатында алғашқы айналымнан аса алмаған Ю.Путинцева қазіргі кезде WTA Live рейтингісінде 29-орынға көтеріліп тұр.