Бірінші лига: 10 тур бойы жеңілмеген «Оқжетпес» командасы «Ұлытауға» есе жіберді
Aladop.kz
Көкшетаудың «Оқжетпесі» футболдан Бірінші лиганың ХХ турында Жезқазғанның «Ұлытау» командасына есе жіберіп, он турға созылған жеңіс сериясын тоқтатуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Bassport.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қазір турнир кестесінде «Оқжетпес» өзгелерден оқ бойы озық тұр. Премьер-лига жолдамасына қол жеткізуге жақындап келеді. Ал, «Ұлытау» соңғы турларда жақсы көрсеткішімен көзге түсе бастады. Нәтижесінде үздік үштіктегі командаларға жақындады.
Кездесу барысында 6-минутта жезқазғандық клубтан Абзал Таубай есеп ашса, 35-минутта Демият Сламбеков есепті үстемелей түсті. Осылайша «Оқжетпес» қарсыласына 0:2 есебімен есе жіберіп, он тур бойы жеңіс сериясынан кейін үш ұпайды жоғалтуға мәжбүр болды.
Сондай-ақ бүгін Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Түркістанды» 3:1 есебімен тізе бүктірсе, Өскеменнің «Алтайы» «Таразды» 2:1 есебімен жеңді.
Енді 16 тамызда «Ақтөбе-2» мен «Хан тәңірі» (Алматы), «SD Family» (Астана) мен «Каспий» (Ақтау), «Жетісай» (Түркістан облысы) мен «Екібастұз» (Павлодар облысы), «Арыс» (Түркістан облысы) пен «Қайсар-2» (Қызылорда) командалары кездеседі.