Қырғыз боксшысы еліне тарихи Олимпиада жүлдесін сыйлады
Бокс
Кабар
Қырғыз елінің боксшы Мұнарбек Сейітбекұлы Париждегі Олимпиада ойындарының жартылай финалына жолдама алды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Көршілес ел бокстан тұңғыш рет жүлдеге ілікті. Сондықтан бұл Қырғыз Республикасы үшін тарихи медаль саналады.
Жалпы айыр қалпақты ағайын аталған спорт түрінен Париж Олимпиадасына бір спортшы жіберген болатын. 57 келі салмақ дәрежесінде өткен ширек финалдық кездесуде қырғыз боксшы 2021 жылғы әлем чемпионы және 2023 жылғы Панамерикан ойындарының чемпионы Джамал Харвиді жеңді. Осылайша, Мұнарбек Сейітбекұлы Олимпиаданың жартылай финалына жолдама алды. Оның еншісінде әзірге кем дегенде қола медаль бар.
Айта кетейік, бұған дейін қырғыз боксшылары Олимпиада тарихында жүлдеге қол жеткізбеген.