Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы тау баурайындағы базада боксшылармен кездесті

Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы тау баурайындағы базада боксшылармен кездесті
Бокс

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Париж Олимпиадасының басталуына 9 күн қалды. XXXIII жазғы Олимпия ойындары 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді. Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы Түркістан облысы Төле би ауданындағы «Алма Тау» спорт базасында төртжылдықтың басты бәсекесіне қорытынды дайындықтарын пысықтауда, деп хабарлайды BasSport.kz. 

Бүгін Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов тау баурайындағы спорт базасына арнайы барып, боксшылармен жүздесті. Ел үмітін арқалап бара жатқан жігіттерге сәттілік тіледі.

– Спорт түрлері арсында бокс ерекше орынға ие. Қайсар мінезді қазақтың жігіттері жоғары шеберлігі және талантымен көзге түсіп келеді. Жастардың да бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары. Тәуелсіздік алғанан бері Қазақ боксшылары 7 олимпиада ойындарына қатысып, бокстан күміс пен қоланы қоспағанда 7 алтын медалға қол жеткізді. 3 спортшымыз Олимпиаданың үздік боксшысы атанды. Биыл бас бапкер Мырзағали Құланұлының тәжірибесі мен жеке бапкерлердің және спортшыларымыздың талмай еңбек етуінің нәтижесінде команда Олимпиада ойындарына толық құрамда қатысады. Құрметті спортшылар! Олимпиадалық дәстүрлер мен сіздердің шеберлік деңгейлеріңізді ескере отырып, олимп шыңын бағындыру қолдарыңыздан келеді деп сенемін «Вэл Баркер» кубогын 4-ші рет Қазақстанға алып келу сіздерге бұйырсын. Туған елімізге жүлдемен оралуларыңызға тілектеспін! - деді Еркеғали Әлімқұлов.

Бокстан ұлттық құрама сапында Түркістан облысының екі спортшысы бар. Олар – Сәкен Бибосынов және Мұхамедсабыр Базарбайұлы. Қос спортшыдан ел үлкен үміт күтіп отыр.

Төлеби ауданындағы «Алма Тау» демалыс аймағындағы спорт кешенінде Түркістан облысының спортшыларын шығарып салу рәсімі өтті. Ұлттық құраманың барлық спортшысына және Түркістан облысынан аттанған 5 спортшыға облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, Төлеби ауданының ақсақалдары, ел ағалары батасын беріп, ақ жол тіледі.