Париж Олимпиадасына қатысатын ұлттық құрамамыздың формасының ерекшелігі неде
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі
26 шілдеде Франция астанасы Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары басталады. Төртжылдықтың басты додасында бақ сынайтын Қазақстан ұлттық құрамасы үшін спорттық костюм, спорттық киім және ту ұстаушыларға арналған форма дайындалды. Олимпиадалық форманың дизайны арнайы комиссияның шешімімен бекітілді. Бұл туралы BasSport.kz Kazinform-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Комиссия құрамына Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері, БАҚ өкілдері, қоғам қайраткерлері мен Ұлттық құрама команданың спортшылары кірді. Комиссия екі кезеңге созылған конкурста үш номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады:
1. «Салтанатты олимпиадалық форма» (салтанатты костюм, салтанатты-спорттық костюм) — «Эксклюзив студио» ЖШС;
2. «Спорттық олимпиадалық форма» (спорттық костюм) — Health& Sport ЖШС;
3. «Ту ұстаушыларға арналған олимпиадалық форма» — «Эксклюзив студио» ЖШС.
Салтанатты олимпиадалық форма мен Ту ұстаушыларға арналған олимпиадалық форманың эскиздері отандық дизайнерлердің жасаған туындысы. Сондай-ақ ұлттық мәдениет пен дәстүрді бейнелейтін ұлттық ою-өрнектердің, түстер үйлесімін және басқа да рәміздердің элементтерін қамтиды.
Олимпиадалық форманы тігу барысында ауа-райына сәйкес келетін, ылғал сіңбейтін жеңіл және ауа өткізетін заманауи жоғары технологиялық материалдар пайдаланылды.
Олимпиадалық форма жиынтығы ерлер үшін 29 бірліктен, әйелдер үшін 30 бірліктен тұрады.
Салтанатты костюм
Салтанатты костюмді спортшылар мен спорт делегациясы Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу шеруінің салтанатты бөлігіне қатысу үшін пайдаланады.
Костюмдер қысқа жеңмен арнайы тігілген. Себебі Париждегі ойындардың ашылу салтанатында ауа температурасы жоғары болады деген болжам бар. Сонымен қатар жазғы Олимпиада ойындарының тарихында тұңғыш рет ашылу салтанаты стадионның сыртында Сена өзенінде өтеді. Шеруге 180 қайық қатысып, жарық шоуы көрсетіледі. Ал 94 қайықта ойындарға қатысатын 10,5 мың спортшы орналастырылады.
Әйелдердің салтанатты костюміне 8 түрлі киім (бас аксессуар (жиек), көйлек, галстук, блейзер, шалбар, юбка, шұлық, кроссовка) кіреді.
Шеруге арналған ерлердің костюмі 7 киімнен тұрады (тақия, көйлек, галстук, шалбар, куртка, шұлық, аяқ киім).
Костюмдердегі ұлттық ою-өрнектің элементтері тек декоративті ғана емес, сонымен қатар тарихи символдық функцияға ие. Ол әлемді көркем қабылдау мен қазақстандықтардың эстетикалық талғамын көрсетеді:
* «Мүйіз» буйвол немесе бұғы сияқты құдіретті жануарларға тән күшті, батылдық пен қорғанысты білдіреді.
* «Қос мүйіз» ішкі бірлік пен үйлесімділікті көрсете отырып, мүйіздердің символикасын күшейтеді.
* «Қаз мойын» спорттағы бейімделгіштікті баса көрсете отырып, икемділікті, ептілік пен рақымды білдіреді.
Салтанатты-спорттық костюм
Жинақ 4 бірліктен тұрады (спорттық костюм, футболка, кроссовка, шұлық) және «қаз мойын», «мүйіз» және «қос мүйіз» ою-өрнектерімен безендірілген. Спорттық жарыстар кезінде, сондай-ақ марапаттау рәсімдері кезінде киюге арналған.
Спорттық костюм
Жинаққа 18 түрлі киім кіреді (жаттығу костюмі, салтанатты костюм, жел қорғағыш, поло футболкасы 2 дана, футболка 2 дана, шорты, спорттық шорт, кроссовкалар, қалпақ, спорттық рюкзак, дөңгелегі бар сөмке, дөңгелектері бар қол жүгіне арналған рюкзак, сүлгі, шұлық 2 дана, сланцылар).
Ұлттық делегацияға тән стильді айшықтай отырып, жаттығу кезеңінде және Олимпиада ойындарының жарыстан тыс күндері күнделікті киюге арналған.
Ту ұстаушылардың олимпиадалық костюмі
Ту ұстаушы ерлерге арналған салтанатты костюм 4 бірліктен тұрады (сюртук, шалбар, жібек көйлек, бас киім — бөрік).
Ту ұстаушы әйелдердің салтанатты костюміне 2 киім (кешкі көйлек, бас киім — сәукеле) кіреді.
Кескіндемеде салтанатты элементтер қамтылған: ерлер костюмінде ұлттық ою-өрнектер кестеленсе, әйелдер костюміндегі сәукеле жартылай бағалы тастармен безендірілген.
Ту ұстаушы ерлер мен әйелдерге арналған салтанатты костюмдері спорттық жинақылық пен ұлттық эстетикаға негізделе отырып, талғампаздық пен көріктілікті бейнелейді.
Ту ұстаушылардың салтанатты костюмі Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу шеруінің салтанатты бөлігіне қатысуға арналған. Форманы әзірлеу кезінде дизайнерлердің туындысында келесі шарттар ескерілгенін атап өткен жөн:
* басқа елдердің тәжірибесі;
* ұлттық ерекшеліктер;
* заманауи сән трендтері;
* алдыңғы Олимпиадалармен салыстырғанда форманың бірегейлігі;
* Қазақстан туының түсіне тәуелсіз болуы;
* ауа райы жағдайлары;
* ұлттық бас киім «тақия» қосылды.
Олимпиадалық форманы тігу толығымен демеушілер қаражаты арқылы жүзеге асырылды. Демеушінің аты-жөні (өзінің сұрауы бойынша) сондай-ақ қайырымдылық субъектісінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мақсатында құпия болып қалады.