Қазан қаласында өткен додада түркістандық Дарын Өткелбай әлем чемпионы атанды

Қазан қаласында өткен додада түркістандық Дарын Өткелбай әлем чемпионы атанды
Басқа

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

2024 жылдың 21-22 маусым күні Татарстан Республикасының астанасы Қазан қаласында өткен ат үстіндегі күрестен (аударыспақ) әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды BasSport.kz. 

Бұл чемпионатқа әлемнің 6 елінен 8 құрама команда қатысты. Атап айтар болсақ, Моңғолия, Татарстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Башқұртстан, Түрікменстан мен Қазақстаннан барлығы 45-ке жуық спортшы бақ сынады.

Қазақстанның намысын Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Дарын Өткелбай, Алтай Сүйеубаев, Төлеби Қайыржанов, Арман Сағынбаев қорғады. 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Азамат Серғазин, 80 келіде Дарын Өткелбай, 90 келі салмақ дәрежесі бойынша Алтай Сүйеубаев, 100-ден жоғары салмақта Арман Сағынбаев қарсылас шақ келтірмей алтыннан алқа тақты. Ал, 70 келіде бақ сынаған Шыңғысхан Ержанов қола жүлде иеленсе, 100 келіде күрескен Төлеби Қайыржановқа күміс жүлде бұйырды.

Осылайша, 8 құраманың арасынан топ жарған Қазақстан спортшылары командалық есепте бірінші орынды иеленді. Екінші орын Қырғызстан, үшінші орын Татарстанның ұлттық құрамасына бұйырды. Осындай ғаламат нәтиже тіркеген отандастарымыз арасында Түркістан облысының мақтанышы 80 келіде топ жарған Дарын Өткелбай бар. 

Әлем чемпионын Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлері мектебінің басшысы Болат Қонаев бастаған ұжым мен ата-анасы, туған-туыстары зор қошеметпен қарсы алды. Туған жерге оралған аударыспақ шебері Дарын Өткелбай құрмет көрсеткен барша қауымға алғыс айтып, пікірін білдірді.

Айта кетейік, Дарын спортшылар әулиетінде дүниеге келген. Оның әкесі –даңқты шабандоз Ақылбай Мәңкеев. Әкесі ұлын жас кезінде көкпар спортына баулып, шабандоз етіп, шығарғысы келген. Алайда Дарынның ынтасы аударыспақ спортына ауып, бүгінде бірнеше дүркін ел чемпионы атанып, әлемдік додаларда топ жарып жүр. Туған жерге оралған жерлесіміз Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жан-жақты дайындалады.