Қазақстан құрамасы аударыспақтан әлем чемпионатында топ жарды

Қазақстан құрамасы аударыспақтан әлем чемпионатында топ жарды
Басқа

aikyn.kz

Аударыспақтан Қазан қаласында өткен үшінші әлем чемпионатында ұлттық құрама спортшылары чемпион атанды, деп хабарлайды BasSport.kz. 

21-22 маусым аралығында Татарстан Республикасының астанасында өткен ат үстіндегі күрестен (аударыспақ) әлем чемпионаты аяқталды. Аталған додада әлемнің 6 елінен келген 8 құрама (Моңғолия, Татарстан, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, Башқұртстан, Түрікменстан, Қазақстан) бақ сынады.

Әлем біріншілігінде еліміздің намысын Азамат Серғазин, Шыңғысхан Ержанов, Дарын Өткелбай, Алтай Сүйеубаев, Төлеби Қайыржанов, Арман Сағынбаев қорғады. 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Азамат Серғазин, 80 келіде Дарын Өткелбай, 90 келі салмақ дәрежесі бойынша Алтай Сүйеубаев, 100-ден жоғары салмақта Арман Сағынбаев қарсылас шақ келтірмей жарыстың үздігі атанды. Ал, 70 келіде өнер көрсеткен Шыңғысхан Ержанов қола жүлдеге ие болса, 100 келіде бақ сынаған Төлеби Қайыржанов күміс жүлдені еншіледі.