Қазақcтандық садақшылар әлем кубогы кезеңінде топ жарды
Спортты дамыту дирекциясы
Антальяда садақ атудан әлем кубогының үшінші кезеңінде блоктық сайыс бойынша аралас жұптық бәсекеде Андрей Тютюн мен Адель Жексенбинова жеңімпаз атанды, деп хабарлайды BasSport.kz.
Спортты дамыту дирекциясының мәліметінше, қазақстандық жұп финалда Ұлыбритания командасын жеңді. Аралас бәсекеде 24 елдің спортшылары сынға түсті. Жарыс қорытындысы бойынша Италия садақшылары үздік үштіктен көрінді.
Отандастарымыз шешуші сайыста Ұлыбританияны 158:155 (39:39, 39:39, 40:38, 40:39) есебімен қапы қалдырды. Осылайша, қазақстандық дуэт әлем кубогы кезеңінде аралас бәсекеде алғаш рет чемпион болды.
Тютюн мен Жексенбинова жұбы санаулы күн бұрын ғана Оңтүстік Кореяда өткен Азия кубогы кезеңінде қола жүлдеге қол жеткізген.
Жалпы, Қазақстан блоктық садақ атудан өз тарихында әлем кубогының кезеңдерінде екінші рет жүлде алды.