EURO-2024: Чехия құрамасы Грузияны жеңе алмады

EURO-2024: Чехия құрамасы Грузияны жеңе алмады
Футбол

Vesti.kz

Грузия мен Чехия құрамалары Еуро-2024 топтық кезеңінің екінші турындағы ойынын өткізді, деп хабарлайды BasSport.kz.

Гамбургтегі Фолькспарк стадионда өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Бірінші гол қақпаға 23-минутта енген еді. Адам Гложек Грузия қақпашысы Мамардашвилиден айласын асырып, теңбіл снарядты қақпа торында тулатқан. Алайда гол есепке алмады. Дегенмен грузиндер бірінші таймға қосылған қосымша төрт минут ішінде пенальтиден есеп ашып кетті. Жорж Микаутадзе 11 метрлік айып добын сенімді орындады. 

Кездесудің екінші таймы да тартысқа толы болды. Германиялық төреші Даниэль Зиберттің ысқырығы естіле салысымен чехиялықтар шабуылға лап қойды. Олар 59-минутта есепті теңестірді. Патрик Шик бұрыштама добынан кейін гол соғып кетті. 

Естеріңізге сала кетейік, бірінші турда Чехия құрамасы Португалиядан 1:2 жеңілсе, Грузия құрамасы Түркияға 1:3 есебімен есе жіберді. Келесі турда чехиялықтар Түркиямен, ал Грузия Португалиямен кездеседі. Екі ойын да маусымның 26-сынан 27-сіне қараған түні өтеді.