Сайрам ауданының әкімі Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосыновты қабылдады
Бокс
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов ауданның спортшысы, бокстан әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосыновты арнайы қабылдады, деп хабарлайды BasSport.kz.
Өз кезегінде аудан әкімі жүрекжарды құттықтауын жеткізіп, Парижде өтетін Олимпиада ойындарында көк туымызды желбірете беруіне тілектестігін білдірді.
– Биыл Италия елінің Бусто-Арсицио қаласында өткен лицензиялық турнирде 4 рет жекпе-жек өткізіп, Олимпиада ойындарына жолдама жеңіп алып, жоғары жетістікке қол жеткізген болатынсыз. Олимпиада ойындарына осымен қатарынан екінші мәрте баратын отандық спортшы ретінде барша аудан халқы Сізге сенім артып отыр. Бұл жолы да төртжылдықтың басты бәсекесінде қоржыныңызға алтын салып қайтатыныңызға сенемін, – деді аудан әкімі.
Бұдан бөлек, әлемдік бәсекеде жеңіс белесін бағындыруына тілектестігін білдіріп, еліміздің көк байрағы мен ұлттық бұйымымыз сауытты тарту етті. Кездесу соңында боксшы ақжолтай тілегін арнаған аудан әкіміне алғыс айтып, өзінің есімі жазылған былғары қолғапты арнайы сыйға берді.