Өскеменде дзюдодан халықаралық турнир өтті

Өскеменде дзюдодан халықаралық турнир өтті
Дзюдо

ШҚО-да республикалық дзюдо турнирі мәреге жетті. Облыс орталығында 2007-2008 жылғы жасөспірімдер арасында дзюдодан республикалық турнир өтті, деп хабарлайды BasSport.kz.

Еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жүз елуден астам жас спортшы еңбек сіңірген жаттықтырушы Жаңаділ Атаевтың жүлдесін сарапқа салды. 

Жаңаділ Атаев – өңірде самбо және дзюдо күресінің негізін қалаған жаттықтырушы. Табаны күректей қырық жыл тер төккен білікті маман 120-дан астам Әлем және Азия чемпиондарын, Олимпиада жүлдегерлерін, спорт шеберлерін баптады.

– Бұл жарыстың деңгейі уақыт өткен сайын жоғарылап келеді. Осыған дейін облыстық деңгейде болса, биыл республикалық масштабта ұйымдастырылды. Спортшылар сегіз салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. Бұл қатарда қырғыз елінің өкілдері де бар екенін айта кеткен жөн. Жарыс жеңімпаздарына спорт шеберіне үміткер атағы беріледі, – деді жарысты ұйымдастырушы, аға жаттықтырушы Алмас Атаев.

Жасөспірімдер арасындағы турнирді дзюдо ардагерлері де арнайы келіп тамашалады. Құрметті қонақтар қатарында дзюдодан елімізден шыққан тұңғыш әлем чемпионы Максим Раков және дүниежүзілік жасөспірімдер ойынының чемпионы Ерлан Сіләбаев болды.

Турнир қорытындысы бойынша жерлестеріміз төрт алтын, төрт күміс және тоғыз қола жүлдеге қол жеткізді.