Вячеслав Ким: Қазақстанда таеквондоны дамытудың жаңа қадамдары мен Олимпиада жолдамасына жол
Қазіргі таңда Қазақстан таеквондо Федерациясының алдындағы ең маңызды мақсаттардың бірі – аталған спорт түрін дамытып, сапалы дайындық жүргізу, барлық деңгейдегі спортшыларды қолдап, бапкерлер мен төрешілер алқасының кәсіби білігін арттыру. Бұл туралы ҚТФ президенті Вячеслав Константинович Ким айтып берді.
"Біз өз жұмысымызды жақсартуға ұмтылудамыз және соңғы жылда болған өзгерістердің оң нәтижесі де байқалуда. Бұл нәтижеге жету үшін біз белсенді түрде кеңес алып, өзге елдердің үздік федерацияларымен және бірінші кезекте Бүкіләлемдік таеквондомен тәжірибе алмастық. Бүгінге дейін Бүкіләлемдік таеквондо ұйымының спортты дамытып, жоғары санаттағы спортшыларды дайындау туралы ұсыныстары сәтті енгізілді. Бұл үшін біз спортшыларды қажетті нәрселердің бәрімен жабдықтадық. Атап айтар болсақ, жоғары сапалы инвентарь, экипировка, фармакология және арнайы тамақтану жолға қойылды.
Оңтүстік Кореялық кеңесші бапкермен келісімшарт жасалды. Команданы дайындау үдерісіне жоғары нәтижеге жету үшін тиімді әдістерді қолданатын жаңа көзқарастағы жас жаттықтырушылар тартылды.
Әлемдік ұйым ұсынған маңызды жобалардың бірі – ұлттық құрама командаларға арналған бірыңғай дайындық орталығын құру болатын. Аталған орталық кадеттер, жасөспірімдер мен ересектер құрамасының бірлескен оқу-жаттығу жиынын өткізуге арналған ыңғайлы орын болатыны айтылған. Осыны ескерген федерация жақында құрама командаларға арналған базаны анықтады. Енді спортшылар Түркістан облысындағы "Алматау" спорт базасында тиімді жаттығу жиындарын өткізеді", - деді басшы.
Президент таеквондоның даму барысында спортшылардың кадеттер сапынан жасөспірімдер қатарына, кейін ересектер құрамасына өту кезеңінің өте маңызды екенін ескертті. Өйткені, жас спортшылар үлкен бәсекелестікке тап болады да, мінез қалыптасып, психологиялық тұрақтылық реттеле бастайды.
Мұндай кезеңде спортшыларға айрықша көңіл бөліп, олардың өсуі мен дамуына барлық күшті салу керек.
Былтыр ҚТФ кадеттер, жасөспірімдер арасындағы әлем және Азия чемпионаттарының және Азия ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлерін ақшалай сыйақымен марапаттады.
Олардың жеке бапкерлері мен халықаралық деңгейдегі жарыстарда төрелік еткен қазылардың еңбегі де ұмыт қалған жоқ. Вячеслав Ким республикалық турнирлер – Қазақстан чемпионаттары мен кубогы жолындағы жарыстарды жаңа деңгейге көтерудің маңызды екенін атап өтті.
"Федерация ішкі жарыстар регламентін жасақтап шығарды. Атап айтар болсақ, Қазақстан кубогын жаңа жүйе бойынша өткізу жоспарлануда. Кубок бес кезеңнен тұрады және жасөспірім спортшыларды да қатыстыру көзделіп отыр. Осы арқылы Қазақстаннан шеткері аймақтарға шығып, оқу-жаттығу жиынына қатысатын мүмкіндігі жоқ жас спортшылардың тәжірибесін арттыруға жол ашамыз. Сондай-ақ, телеарналар арқылы жарыстың тікелей көрсетілімін ұйымдастыру қажеттілігі сезіледі. Өйткені, қазіргі таңда федерация қолдауымен әлеуметтік желілер мен фан-парақшаларда ел чемпионатынан бөлек, аймақтық жарыстар мен балалар арасындағы турнирлердің де көрсетілімі жүріп жатыр.
ҚТФ президенті команда алдындағы ең маңызды міндет – 2024 жылғы Париж Олимпиадасына лицензия алу екенін мәлім етті.
«Әрине, біздің ең негізгі мақсатымыз – наурыздың ортасында өтетін лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасын жеңіп алу. Команданың дайындығы жақсы. Олар алдағы жарысқа қарқынды түрде жаттығуда. Федерация өз кезегінде қажетті жағдайдың бәрін жасайды. Біз өз командамызға сенеміз", - деді ол.
Федерация басшысы әлемдік таеквондодағы Қазақстанның беделін нығайту мақсатында халықаралық турнирлерді қабылдау міндеті тұрғанын да жеткізді.
"Біздің спортымызды дамыту үшін Қазақстан аймағында халықаралық турнирлер өткізуге де ерекше көңіл бөлу қажет. Біздің тәжірибеміз де жоқ еме, 2015 жылы Kazakhstan Open турнирін жоғары деңгейде өткіздік. Енді біз G-1 санатындағы Kazakhstan Open 2024 турнирін ұйымдастыруды қолға алдық. Жақын арада бізді ауқымды дайындық жұмыстары күтіп тұр", - деді ҚТФ президенті.
Сондай-ақ, Kazakhstan Open 2024 турнирі аясында төрешілерге арналған ірі халықаралық семинар өтеді. Аталған жиынға әлемнің әр түкпірінен 300-ге жуық маман қатысады деп күтілуде.
Өз жерімізде беделді турнирді өткізіп, төрешілер семинарын ұйымдастыру біздің спортшыларға деген қазылардың объективті көзқарасын орнатып, елдегі төрешілер мен техникалық құрамның біліктілігін арттырады.
Мұның барлығы спорттың тұрақты дамуы мен спортшылардың жақсы нәтиже көрсетуіне жол ашады.