«Астана» төрт бірдей ойыншысымен қош айтысты
© Sputnik / Абзал Қалиев
Елорданың «Астана» клубы қорғаушы Жарко Томашевичтің, жартылай қорғаушылар Степан Лончар мен Аслан Дарабаевтың, сонымен қатар Дембо Дарбо клубтан кеткенін ресми түрде хабарлады, деп жазады BasSport.kz.
Томашевич астаналық ұжымның сапын 2019 жылы толықтырған. «Астана» қатарында ол Қазақстан чемпионатында топ жарып, Еуропа лигасы мен УЕФА Конференция лигасының топтық кезеңінде ойнаған. Негізгі құрамда барлығы 78 матчқа қатысып, 7 гол соқты және бір нәтижелі пас берді.
Степан Лончар «Астанаға» 2023 жылғы шілдеде келген. Командамен бірге Конференция лигасының топтық кезеңіне өтті. Елорда клубының жейдесімен 18 ойынға қатысып, бір гол соқты және бір нәтижелі пас берді.
Ал Аслан Дарабаев Қазақстанның жеті дүркін чемпионының қатарына 2021 жылы қосылған, ел біріншілігінде үздік шыққан. Команда сапында 50 матчқа қатысып, үш гол соқты және жеті нәтижелі пас берді.
Өткен маусымда Дембо Дарбо команда ойыншысы атанып, еурокубок турнирінің топтық кезеңінде өнер көрсетті. Барлығы 42 кездесуде 11 голдың авторы атанды және екі ассист жасады.