Астана қаласының үздік спортшылары анықталды

Астана қаласының 2023 жылғы үздік спортшылары анықталды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Биыл көптеген жарыстарда бақ сынап, астаналық спортшылар қоржынымызға жалпы 6072 медаль алып келді. Оның 2245-сі алтын, 1952-сі күміс және 1875-сі қола.
Осы орайда «Бейбітшілік және келісім» сарайында марапаттау кеші ұйымдастырылып, ел алдында жүрген спорт саңлақтары бас қосты.
Ерлер арасында жыл спортшысы номинациясы: Нұрбек Оралбай (бокстан әлем чемпионы)
2023 жылы көптеген спортшыларымыз Олимпиада бағдарламасына кіретін салмақтардан әлем чемпионатында бақ сынады. Нәтижесінде тек бокстан ғана Қазақстанға 2 алтын бұйырды. Соның бірі - 80 келідегі Нұрбек Оралбай.
Әйелдер арасында жыл спортшысы: Жәмила Бақбергенова (әйелдер күресінен әлем чемпионатының қола жүлдегері, Жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері) Жәмила Сербияда өткен әлем чемпионатында 72 келіде 3 жыл қатарынан жүлде әперген алғашқы отандық спортшы атанды.
Пара спорт түрлері бойынша әйелдер арасында жыл спортшысы: Ақмарал Науатбек (пара дзюдодан әлем чемпионы, Жазғы Азия Пара ойындарының жеңімпазы) Пара дзюдодан ең жеңіл салмақтағы Ақмарал Науатбек өзі қатысқан айтулы бәсекелерде топ жарды. Сондай-ақ, ол пара дзюдодан Азия Пара ойындарында ел тарихындағы бірінші алтынды әперді.
Пара спорт түрлері бойынша ерлер арасында жыл спортшысы: Ерғали Шәмей (пара дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия Пара ойындарының жеңімпазы)
Пара спорт түрлері бойынша жылдың үздік бапкері: Дәурен Оразов (пара дзюдодан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы)
Жылдың үздік бапкері: Асқар Еркебаев (Бокстан ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы) Егіз Айбек және Нұрбек Оралбайды баптайтын Асқар Еркебаев әлем чемпионын шығарып қана қоймай, жазғы Спартакиадада 80, 92 келі салмақта бірінші нөмірлі боксшылар екендіктерін қайта дәлелдеді.
Жылдың үздік федерациясы: Астана қаласының ұлттық және Олимпиадалық ат спорты түрлерінің федерациясы
Ұлттық спорт түрлері бойынша жылдың үздік спортшысы: Гүлнәр Базарәлиева (Тоғызқұмалақтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері)
Жылдың үздік балалар және жасөспірімдер мектебі: Мүгедектігі бар адамдарға арналған спорт мектебі. Азия пара ойындарында Астана қаласы 2 алтын, 1 күміс, 2 қолаға ие болып, облыстық рейтингте 1-орынға ие болды.
Жыл серпіні: Нұржан Батырбеков (Джиу-джитсудан Жазғы Азия ойындарының чемпионы) Жазғы Азия ойындарында джиу-джитсудан ешкім Нұржаннан алтын күтпеген еді. Алайда 19 жастағы жас спортшы көпшілікті таңғалдырып, чемпион атанды.
Жыл серпіні: «Жеңіс» футбол клубы Бірнеше жыл бұрын ғана қайта құрылған «Жеңіс» клубы бірінші лигада жүлдегерлер қатарына кіріп, премьер-лигада ойнауға мүмкіндік алды.
Жыл меценаттары: Дмитрий Инютин, Асхат Мұқашев, Әсет Нұрғожин, Қуаныш Нұртақов.
Сондай-ақ іс-шара барысында джиу-джитсудан Азия ойындарының күміс жүлдегері, 24 жастағы Галина Дувановаға 1 бөлмелі пәтер сыйға берілді.