Азия ойындары: Екінші аптада неше жүлде бұйырады?

Туризм және спорт министрлігі
Ханчжоуда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының алғашқы аптасы аяқталып, 481 жүлде жиынтығының 273-інде жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды BasSport.kz.
7 күннің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 алтын, 5 күміс, 23 қоламен 13-орында тұр.
Осы орайда 2018 жылы Джакартада өткен Азия ойындарының алғашқы аптадағы статистикасымен салыстырсақ.
2018 жыл — 5 алтын, 8 күміс, 28 қола
2023 жыл — 3 алтын, 5 күміс, 23 қола
2018 жылы джиу-джитсу — 2 алтын, велошоссе — 2 алтын, семсерлесу — 1 алтын иеленсек, биыл салыстырмалы түрде дзюдо, семсерлесуден чемпион шықпады.
Дегенмен, 5 жыл бұрын нысана көздеуден бір ғана қоламен шектелсек, осы жолы 3 мәрте әнұрамызды шырқаттық.
2018 жылы жалпы Азия ойындарында 15 алтын, 17 күміс, 44 қола еншіледік.
Осыған қарап, елімізге жүлде шешуші аптада көп бұйыратынын аңғаруға болады.
Алда қай спорттардан жүлде бұйыруы мүмкін?
Азия ойындарының тарихында ең көп алтын сыйлаған байдарка және каноэде есуден 9 түрлі сайыстан финалда өнер көрсетеді. Кемі 3 алтын бұйыруға тиіс.
Велошосседен 2014 жылдан бері чемпиондық атағын қорғап келе жатқан Алексей Луценкодан 2 алтын күтеді.
Қыздар күресінен Жәмила Бақбергенова, ерлерден грек-рим, еркін күрестерінен кемі 1 алтынға таласады.
Көркем гимнастикадан ең жас құрамамызға 5 жыл бұрын 2 чемпиондық атақ бұйырған еді.
Одан бөлек, бокс, ерлердің су добы, брейкинг, садақ атудан 1 жеңімпаз шығуы мүмкін.
Олимпиадаға кірмейтін каратэ, джиу-джитсудан 3-4 алтын алу жоспарда бар.
Көктем айында жеңіл атлетикадан 2 чемпион шыққан құрамадан биіктікке секіру мен кениялық желаяққа үміт артады.
Бадминтон, ауыр атлетика, волейбол, құзға өрмелеу, гандбол т.б спорттардан финалға шығу қиын болса да, жүлдегерлер қатарынан көрінуі керек.
Жоспар бойынша 7 күнде 14-16 алтын, 10-13 күміс, 20-25 қола жүлде алуға мүмкіндік бар.
Қанат Байұзақов