Азия ойындары: елімізден рекордты сандағы спортшылар қатысады

Азия ойындары: елімізден рекордты сандағы спортшылар қатысады

Қазақстан бокс федерациясы

Жылдың басты додасы саналатын Ханчжоудағы жазғы Азия ойындарының басталуына санаулы күн ғана қалды. Осы орайда BasSport тілшісі аталмыш жарысты талдап шыққан болатын.

Қазақ спорты үшін басты дода — Олимпиада екендігі белгілі. Алайда 4 жылда бір рет өтетін Олимпиада ойындарында 100-100-ден астам ғана жерлесіміздің өнерін тамашалай аламыз. Ал жазғы Азия ойындарына Қазақстан құрамасы ең көп спортшысын жібереді. Мысалы, 2010 жылы Гуанчжоудағы жазғы Азия ойындарына 476 спортшы қатысса, биыл рекордтық 525 отандасымыз жүлдеге таласады. Яғни бұл қай өңір спортқа қаншалықты көңіл бөліп жатыр? Қай өңір алда және артта және т.б. сұрақтардың жауабын анықтауға керемет мүмкіндік болмақ.

Естеріңізде болса, 2018 жылы Джакартадағы Азия ойындарына Қазақстан 419 спортшысын жіберіп, ең аз 15 алтынмен антирекордты жаңартқан едік. Дегенмен 5 жыл бұрынғы жарысты қазіргі салыстыруға келмейді. Неге? Біріншіден, Азия ойындарында алғаш рет 9 спорт түрінен Олимпиада лицензиясы сарапқа салынады. Екіншіден, жерлестеріміз бірнеше жаңа спорт түрлерінен жүлдеге таласады. Оның ішіне шахмат (жеке, команда, жылдам шахмат сайысы), киберспорт (6 ойын түрінен жүлдеге таласады), бокс (2018 жылғымен салыстырғанда қыздар салмағы артты, ерлерде ауыр салмақтар қосылды), спорттық гимнастика, брейкинг кіреді.

ҚАЙ ӨҢІРДЕН СПОРТШЫЛАР КӨП БАРАДЫ?

Алматы қаласы — 108

Алматы қаласынан ТОП-3 спортқа киберспорт (10 адам), әйелдер регбиі (10 спортшы), су добы (9 спортшы) кіреді.

Астана қаласы — 70

Елордамыздың ТОП-3 спортына баскетбол 5×5 (12 спортшы), киберспорт (7 адам), әртістік жүзу (5 спортшы) кіреді.

Шымкент қ. — 64

Шымкенттен ТОП-3 спортқа нысана көздеу (11 спортшы), стенд ату (7 спортшы), байдарка және каноэда есу (7 спортшы) кіреді.

Жетісу облысы — 36

Жетісу облысынан әйелдердің көгалдағы хоккейінен 14 спортшы, садақ атудан 7 адам барады.

Қарағанды облысы — 35

Қарағанды облысынан ең көп әртістік жүзу (5 спортшы), киберспорт (3 адам), ауыр атлетика (3 спортшы), үстел теннисі (3 спортшы) кіреді.

Жамбыл облысы — 33

Жамбыл облысынан ең көп спортшы су добынан (13 әйел, 2 ер) барады.

ШҚО — 27

Шығыс Қазақстан облысы атынан ТОП-3 спортқа жеңіл атлетика (8 спортшы), әйелдер волейболы (8 спортшы), ескек есу (6 спортшы) кіреді.

Түркістан облысы — 26

Түркістан облысының ТОП-3 спортына гандбол (7 ер, 1 әйел), академиялық есу (4 спортшы), байдарка және каноэда есу (3 спортшы) кіреді.

Қызылорда облысы — 23

Қызылорданың спортына әйелдер гандболы (6 спортшы), ерлер дзюдосы (3 спортшы) кіреді.

Павлодар облысы — 16

Павлодар өңірінен баскетбол (3 спортшы), волейбол, маутинбайк, велошоссе, жеңіл атлетикадан 2 спортшыдан барады.

Ақмола облысы — 15

Ақмола облысы атынан баратын ТОП-3 спорттың қатарына триатлон (3 спортшы), баскетбол (5×5), садақ ату (2 спортшы) кіреді.

Алматы облысы — 12

Алматы облысына киберспорт (2 адам), ушу (2 спортшы) кіреді.

Ақтөбе облысы — 12

Гандболдан ерлер құрамасының 7 спортшысы Ақтөбе облысына тиесілі.

Маңғыстау облысы — 12

Маңғыстау облысының ТОП-3 спортына джиу-джитсу (3 спортшы), ерлер велотрегі (2 спортшы), баскетбол (2 спортшы) кіреді.

Атырау облысы — 11

Атырау облысы волейболдан 3 спортшы, әйелдер дзюдосы, таеквондо, баскетбол 5×5, 3×3, киберспорттан 2 адамнан қатысады.

Қостанай облысы — 11

Қостанай облысының 6 спортшысы джиу-джитсудан өнер көрсетеді.

БҚО — 9

Батыс Қазақстан облысынан ең көп байдарка және каноэда есу (2 спортшы), садақ ату (2 спортшы) барады.

СҚО — 6

Солтүстік Қазақстан облысы Александр Винокуровтың дәстүрін жалғастырып келеді.


Велошосседен 3 спортшы қатысады. Ал Абай және Ұлытау облыстарынан ешкім қатыспайды.

Айта кетейік, Ханчжоудағы Азия ойындары 23 қыркүйек — 8 қазан күндері аралығында өтеді.

Авторы: Қанат Байұзақов