«Барыс» жаңа маусым алдындағы бірінші матчын өткізеді

«Барыс» жаңа маусым алдындағы бірінші матчын өткізеді
Хоккей

“Барыс” ХК

Бүгін «Барыс» Қазанда өтетін «TANECO Кубогы» маусымалды турниріндегі алғашқы матчын өткізеді. Астаналық клубтың қарсыласы – «Локомотив», деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі. 

 Ярославілік ұжымның құрамы өткен маусыммен салыстырғанда айтарлықтай өзгерген жоқ. Команда қорғанысындағы Алексей Марченко, Даниил Мисюль мен Максим Осиповтың орнын Алексей Береглазов пен Мартин Гернат басты. Сондай-ақ, өткен маусымда «Амурда» жалға берілген ойыншы ретінде өнер көрсеткен Ярослав Лихачевтің «Локомотив» құрамына қайта оралғанын айтып өту керек. Игорь Никитиннің командасы өз айдынында «Северстальге» қарсы екі жолдастық матч өткізіп үлгерді. Алғашқы ойын әдеттегі форматтан тыс өтіп, командалар 20 минуттан төрт кезең ойнады. Екі рет айдын иелері жеңіске қол жеткізді (4:2 және 3:2). Артур Каюмов, Рушан Рафиков, Степан Никулин, Даниил Тесанов, Андрей Сергеев, Ярослав Лихачев пен Максим Шалунов нәтижелі соққылармен көзге түсті. «Барыс» үшін «Локомотивпен» кездесу жаңа маусымға дайындық барысындағы алғашқы матч болмақ. Ойынға қазақстандық команданың жаңа хоккейшілері қатысады деп күтіліп отыр: Джозеф ЛаБейт, Понтус Оберг, Райли Барбер мен Давид Скленичка. Ал Астанаға қайта оралған Роман Старченко турнирдегі бірінші ойынға қатыса алмауы әбден мүмкін. Кездесу «Татнефть-Арена» мұз айдынында Астана уақытымен 16:00-де басталады. KHL және Qazsport телеарналары матчтың тікелей көрсетілімін ұсынады.