Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина Қазақстан намысын қорғайды

Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкина Қазақстан намысын қорғайды
Қысқы спорт

Мәнерлеп сырғанаудан Ресей жасөспірім құрамасының өкілі София Самоделкина Қазақстан азаматтығын алады, деп хабарлайды Bassport.kz.

Ресейлік БАҚ-тың жазуынша, спортшының туыстарының бірі Қазақстанда дүниеге келген. Сондықтан азаматтықты жылдам алуға мүмкіндігі бар. 16 жастағы спортшы егер азаматтық алса, 2024 жылдың мамыр айынан бастап, ел намысын қорғай алады. Самоделкина мәнерлеп сырғанаудан Ресей Гран-приінің жеңімпазы. Жасөспірімдер арасында Ресей кубогының иегері. Ол Мәскеудегі Армияшылар клубында жаттығады.

 «Қазақстан конькишілер одағы» спортшы өз қалауымен азаматтық алып жатқанын айтқан. Яғни Қазақстан шақыртпаған.

«Біздің одақ ресейлік мәнерлеп сырғанаушы София Самоделкинаға Қазақстан құрамасында өнер көрсету жөнінде өтініш жасаған жоқ. Спортшы азаматтығын өз еркімен ауыстырды. Жалпы Қазақстан азаматтығын беру мәселесімен Ішкі істер министрлігі айналысады. Егер азаматтық берілген жағдайда жеке тұлғаның тең құқықтары мен мүмкіндіктері бар. Спортшы ұлттық құрамда өнер көрсетуге өтінім беруге құқылы», - делінген жауапта.