Руслан Нұрмұхамедов: «Балалар мықтылықтарын тек ел ішіндегі жарыстарда емес, халықаралық ареналарда да көрсетіп жүр»

Руслан Нұрмұхамедов: «Балалар мықтылықтарын тек ел ішіндегі жарыстарда емес, халықаралық ареналарда да көрсетіп жүр»
Хоккей

"Барыс" ХК

«Барыс» балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің кезекті маусымы өз мәресіне жетті. Биыл мектепте 13 жас ерекшелігі бойынша 700 жас спортшы тәрбие алды. Тарихи сәттер мен табысқа толы маусымды «Барыс» БЖСМ директоры Руслан Нұрмұхамедов қорытындылады, деп жазады BasSport.kz.

- Маусым сәтті әрі табысты өтті деп айтуға болады. Тұңғыш рет «Барыс» БЖСМ барлық жас ерекшеліктері бойынша ел чемпионы атанды. «Барыс-2005» жастар арасындағы Қазақстан чемпионатына қатысып, бірінші орын алды. 2007-2011 жылдары туған хоккейшілер ойнайтын командалар өз жастары бойынша Қазақстан чемпионатының «Мықтылар» тобында өнер көрсетті. Бәрі де чемпион атанды. Сонымен қатар, «Барыс-2012» 2011жылғы командалар арасындағы Федерация Кубогына қатысты. Мұнда команда бірінші орын алып, турнирді жалғастыруға мүмкіндік алды және жеңімпаз атанды. Енді команда 2011 жылғы командалардың «Мықтылар» тобында өнер көрсетеді. Тағы бір маңызды жетістік – Қазақстан жасөспірімдер құрамасының 20 жылда алғаш рет әлем чемпионатының элиталық дивизионына шығуы. Құрама негізінен «Барыс-2005» ойыншыларынан жасақталды. Балалардың мықтылықтарын тек ел ішіндегі жарыстарда емес, халықаралық ареналарда да көрсете білгені қуантады. Маусым аяғында үш командамыз Ресей аймақтары чемпиондары, Қазақстан мен Беларусьтің жеңімпаз ұжымдарының басын қосқан халықаралық «Третьяк Кубогы» турниріне қатысуға мүмкіндік алды. Жігіттер өздеріне әлдеқайда мықты хоккейшілерге қарсы ойнап, күштерін сынап көрді.

- «Барыс» төртінші жыл қатарынан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанды, оған қоса жігіттер өздерінен бірнеше жас үлкен хоккейшілерге қарсы ойнайды.

- Мұндай жағдайда бірінші жыл өнер көрсетіп жатқан жоқпыз. Жігіттер өздерінен екі-үш жасқа үлкен хоккейшілерге қарсы ойнайды. Бұдан тек оң нәтиже көріп жатырмыз. Жастар арасындағы Қазақстанда чемпионатында екі жыл өнер көрсетіп, өздерінен бірнеше жас үлкен ойыншыларға қарсы ойнап, шеберліктерін шыңдайды. Өз қатарларымен ойнаған кезбен салыстырғанда, айтарлықтай прогресс байқалады.

- Осы маусымда 2005 жылы туған хоккейшілер мектеп түлегі атанады. Олардың мансаптары қалай жалғасын табады?

- Ойыншылардың барлығы дерлік «Снежные Барсы» командасына шақырту алды. Оданбөлек, 2006 жылы туған жеті хоккейші «Снежные Барсымен» жаттығу жасауға шақырту алды. Түлектердің көп бөлігі кәсіби мансабын «Барыс» жүйесінде жалғастырады.

- Жаттығу процесіне енгізіліп жатқан хоккейдегі жаңалықтар нәтижеге әсер ете ме?

- Иә, хоккей бір орында тұрмайды, әрдайым жаңа дүниелер пайда болып жатыр. Оларды назарымызда ұстап, әлем көшбасшыларының тәжірибесін өзімізге алуға тырысып жатырмыз. Осы маусымда жаттығу процесіне Андрей Викторович Шаянов белсенді араласып, жаңа жаттығулар, процестер мен микроциклдерді ұсынып отырды. Әр жас ерекшелігінде ашық жаттығулар ұйымдастырып отырдық. Жаттығулардың әрқайсысының өзінің тақырыбы болды және онда барлық бапкерлер қатысты. Оданкейінбәріжиналып, жаттығу бейнежазбасын қарап, балалардың әрекеттерін талқылады. Пікірде талас болғанын да жасырмаймын, бірақ дәл осындай атмосферада шындық туындайды. Қорытындысында, бәрі ортақ пікірге келіп, әр команданың қай бағытта жұмыс істеуі керектігін түсінді.

- Командаларымыздың Ресей біріншілігіне оралуына қатысты пікір білдіре кетсеңіз.

- Мамыр айында Орал,Новосібіржәне Приволжье федералдық округтері директорларының кеңесіне қатысу үшін Екатеринбургке шақырды. Баяндамамда Ресей чемпионатына қайта оралғымыз келетінін айттым. Жақсы кездесу болып, ресейлік әріптестеріміз логистика, инфрақұрылым мен елде жасалған жағдайға қатысты сұрақтар қойды. Нәтижесінде, бәрі бізді бір ауыздан қолдады. Өйткені, біздің командаларымыз да лайықты қарсылас бола алады. Нақты ақпарат маусым жақындағанда белгілі болады деп ойлаймын. Егер Ресей чемпионатына қайта қосылсақ, балаларымыздың шеберлігі артары сөзсіз.

- 3 маусым күні «Барыс» БЖСМ кезекті маусымды қорытындылады.

- Дәстүрге сай ауқымды жабылу салтанатын ұйымдастырдық. Биыл оны «Барыс Аренада» емес, ашық алаңда, барша қала тұрғындарына қолжетімді жерде ұйымдастыруды жөн көрдік. Астананың кез келген қонағы не тұрғыны жабылу салтанатының көрермені болды. Міндетті түрде командаларымыз бен үздік ойыншыларымызды марапаттадық. Балаларға, олардың ата-аналарына және үлкен хоккей отбасымызға керемет мереке сыйлай алдық деп ойлаймыз.

- Алға қойған жоспарлармен бөліссеңіз.

- Маусым айында демалысқа кетеміз. Жаңа маусымға дайындық, шамамен, шілде айының басында басталады. Барлық ойыншылар міндетті түрде медициналық тексерістен өтеді және оқу-жаттығу жиындарына кіріседі. Тамыз айының соңында барлық балалар демалыстан келіп, жаңа оқу жылына дайындалып жатқан кезде, 2018 жылы туған балаларды мектепке қабылдап бастаймыз.