"Жарысқа барарда енем жеті шелпегін пісіреді": Камила Берліқаш спорт пен келіндік өмірді қалай ұштастырды

Дзюдо

Дзюдодан Қазақстан әйелдер командасы биылғы маусымда бізді жаңа есімдермен қуантты. Абиба Әбужақынованың ізін ала, ауыр салмақтағы Камила Берліқаш әлемдік жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Ол дзюдодан Grand Slam турнирінде жүлде алған екі қазақ қызының бірі саналады. Bassport.kz жас спортшыдан сұхбат алып, биылғы маусым қорытындысы мен отбасылық өмірі және алдағы мақсаттары туралы сұраған болатын. 


 - Камила, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз... Сіздің биылғы жетістіктеріңіз жанкүйерлер үшін ерекше сый болғаны анық...


 - Мен 1999 жылы 9 қарашада Талдықорғанда дүниеге келдім. 12 жасымда әкем дзюдо залына апарды. Сол уақыттан бері спорттың осы түрі жан серігіме айналды. Алғашқы бапкерім - Саят Құдайбергенов. Ол әйгілі Асхат Житкеевті жаттықтырған. Кейін қаладағы мектеп интернатқа ауысып, ссл жақта Айдос Уәлиев пен Рахман Наймахановта жатықтым. 2018 жылы Астанадағы ел чемпионатында топ жардым. Содан бері ұлттық құрамаға ілігіп, әлемдік жарыстарға қатыса бастадым. 




 - Ұлан-Батыр мен Бакуде өткен Grand Slam турнирі Қазақстан дзюдосындағы елеулі оқиғалардың бірі. Сіз екі рет қола жүлде жеңіп алдыңыз. Мұндай жетістік сізді одан әрі жігерлендірген шығар?


 - Иә, қатты қуанғаным рас. Өйткені, қазақ қыздары Grand Slam бәсекесінен жүлде алмаған еді. Алдымен Абиба, кейін мен қолаға қол жеткіздік. Ағайлардың да қуанышында шек болған жоқ. Бұл маған сенім берді. Әлі талай шыңға шығатыныма кәміл сенемін.


 - Өз салмағыңдағы әлем үздіктерінен кімдерге ерекше тоқталасыз?


 - Қазір әлемдік рейтингте 16-орында тұрмын. Бірінші сатыда тұрған франциялық Дикко Романемен әлі кездескен емеспін. Ол осы салмақтың көшбасшысы. Олимпиада чемпионы атанған Акира Сон да өте мықты. Азия чемпионатында Акираға есе жібердім. Енді содан есе қайтаруды ойлап жүрмін. 




- Олимпиаданың басталуына да бір жарым жылдай уақыт қалды. Төртжылдық додасына бару басты мақсаттардың бірі шығар?


- Әрине, өз салмағымда Олимпиадаға қатысып, еліме жүлде әкелу - басты мақсатым. Сол үшін тынбай еңбек етемін. 


- Айтпақшы, жақында тұрмыс құрып, бір шаңырақтың келіні атандыңыз. Дзюдошы келінді көпшілік қалай қабылдады?


- Өте жылы қарсы алды. Тұрмысқа шықпастан бір жыл бұрын қайын ата-енеммен танысқан едім. Бағым бар екен, жақсы адамдар жолықты. Олар әр жетістігіме қуанып, әр жарысқа аттанарда енем жеті шелпегін пісіріп отырады. Менің ең үлкен жанкүйерлерім десем, артық емес. Айтарлықтай келіндік міндет атқарып жатқаным жоқ. Маған алаңсыз жаттығуыма мүмкіндік берді. 




 - Әлеуметтік желіде жолдасыңыз екеуіңізге жазылған жағымсыз пікірлермен қалай күресесіз?


 - Шыны керек, негативті жүрегіме жақын алмаймын. Мені "семіз" деп жазатындар көп. Бұл сөздер маған еш әсер етпейді. Бала күнімнен қарсы тұрып үйренгенмін. Жолдасым Ислам да үнемі мені қолдап отырады. Тіпті, қазір желіде менен ақыл сұрайтындар көп. Олар мен сияқты өзіне сенімді болудың жолдарын білгісі келеді (күлді).


- Сіздің күйеуіңізді көпшілік жеке бапкеріңіз ретінде қабылдап жатыр...


 - Жоқ, бұл қате пікір. Күйеуім Ислам да өзім сияқты спортшы. Кейде бірге жаттығамыз. Маған алаңдап отырады. Екеуміз мектеп-интернатта бірге оқыдық. 2018 жылдан бастап қыз-жігіт ретінде жүріп, биыл жазда үйлендік. Сәуір айында ұсыныс айтты. Шүкір, біргеміз.