Дияр Нұрғожай UFC-де америкалық файтерді нокаутқа түсірді
UFC
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дияр Нұрғожай UFC ұйымындағы қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді, депьхабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Ол Катар астанасы Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде америкалық Алик Лоренцті техникалық нокаутпен жеңді.
Дияр Нұрғожай UFC-де америкалық қарсыласын 24 секундта нокаутқа түсірді
Фото: ufc
21 қараша күні өткен жекпе-жек жартылай ауыр салмақ дәрежесінде ұйымдастырылды. Үш раундқа жоспарланған кездесу мерзімінен бұрын аяқталды.
Екінші раундтың басталуына небәрі 24 секунд өткенде қазақстандық спортшы қарсыласына бірнеше соққы жасап, шабуылын жалғастырды. Нәтижесінде төреші жекпе-жекті тоқтатып, Нұрғожайдың техникалық нокаутпен жеңіске жеткенін тіркеді.
Бұл 29 жастағы Дияр Нұрғожайдың кәсіби мансабындағы 13-ші жеңісі болды. Қазір оның еншісінде 13 жеңіс пен 2 жеңіліс бар.
Айта кетейік, қазақстандық файтер UFC-дегі алғашқы екі кездесуінде жеңіліс тапқан еді. 2025 жылы ол бразилиялық Брендсон Рибейро мен қырғызстандық Уран Сатыбалдиевке есе жіберді.
Алайда 2026 жылы Нұрғожай сәтсіздіктер сериясын тоқтатты. Наурыз айында Рафаэл Тобиасты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңсе, тамызда Бруно Лопесті техникалық нокаутпен ұтты. Енді Алик Лоренцті де мерзімінен бұрын жеңіп, UFC-дегі жеңісті сериясын үш кездесуге жеткізді.
Ал UFC ұйымында алғаш рет өнер көрсеткен америкалық Алик Лоренцтің кәсіби рекорды 8 жеңіс пен 3 жеңіліске өзгерді.
Осылайша, Дияр Нұрғожай әлемдегі ең беделді ММА ұйымындағы көрсеткішін үш жеңіс пен екі жеңіліске жеткізді.