Ауыр атлетикадағы былық Седовтың қазасымен біте ме? Спортшыны орға жыққан кімдер?
Бұл апта спорт жанкүйерлері үшін қаралы хабармен басталды. Ауыр атлетикадан Олимпиада ойындарының қатысушысы, ел рекордшысы әрі Қазақстанның төрт дүркін чемпионы Владимир Седов өзіне қол жұмсап, бақилық болды. Соңғы кезде көзден тасада қалып, басшылықтан да, бапкерлерден де қолдау көрмеген спортшы өміріндегі қиын кезеңді көтере алмағанға ұқсайды. Бұл қаза жай ғана зілтеміршінің өмірден өткенін білдірмейді. Бұл - біздің ауыр атлетикадағы жүйе мен берекесіздіктің бетін ашып кеткен ажал. Десе де, біз 25 жастағы Альберт Линдердің өлімінен соң-ақ, дабыл қағуымыз керек еді...
Владимир Седовты алғаш рет Бейжің Олимпиадасында көрдік. Ол 84 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп, қола медальдан айырылып қалған еді. Үшінші орын иегерімен бір нәтиже көрсетсе де, салмағының сәл ауырлығынан жүлдегер қатарына енбей қалды. Сол бәсекеде-ақ Седовтың қызуқанды, шыдамсыз екені байқалған. Кейін ауыр атлетикадағы түрлі дау-дамай үштөбелік жігіттің жүйкесіне одан сайын күш салғандай. Бейжіңнен кейін Седовтың жолы ашылғандай көрінген. Оңтүстік Кореяның Гоянг қаласында әлем чемпионы атанды. Лондон Олимпиадасына жолы түспесе де, Тұманды Альбионнан алтын арқалап келген Светлана Подобедоваға үйленді. Бірақ бұл неке де Седовтың спорттағы мансабы һәм тағдыры секілді сәтсіз аяқталды. 2015 жылы танымал спортшылардың шаңырағы шайқалып, екеуі екі жаққа кетті. Светлана көп ұзамай жаңа күйеу тапқанымен, Владимир өмірде де, спортта да өз орнын таба алмады.
Седовтың үлкен спорттағы жолын бөгеген екі нәрсе бар:
Біріншісі – бас бапкер және командаластарымен арадағы дау.
Екіншісі – 2016 жылы анықталған допинг дауы.
Әлеуметтік желі арқылы біраз шерін тарқатқан спортшы өзінің Лондон және Рио Олимпиадаларына бара алмауына сол кездегі бас бапкер Алексей Ниді кінәлады. Оның айтуынша, Ни спортшының жүйкесінде ойнағанды жақсы көретін адам. Одан бөлек, Алексей бапкердің 2008 жылы Седовтың атынан ипотекаға пәтер алып, кейін оны төлемей қойғаны да айтылды.
«Егер мен пәтер әпермесем, Ни мені әрі қарайғы жарыстарға апармайтын еді», - деді Седов.
Бір қызығы, пәтерге қатысты мәселе ауыр атлетикада бұрыннан бар сияқты. Жақында отандық жобалардың біріне сұхбат берген Алмас Өтешов Алексей Нидің тағы бір былығын ашқан еді. Өтешовтің мәліметінше, бұрынғы бас бапкер Ильиннің Алматыдағы пәтерін тартып алған. Тек 2011 жылы Илья бұл мәселені ел президентіне айтатынын ескерткенде ғана Ни пәтерді қайтып береді. Седовтың қазасы туралы айтарда, Алексей Нидің әлімжеттігін де алдан шығады.
Екі Олимпиададан сырт қалған Седов командаласы Илья Ильинмен де жарасқан жоқ. 2016 жылы Лондон Олимпиадасында чемпион атанған Илья Ильин, Майя Манеза, Зүлфия Чиншанло және Светлана Подобедоваға қатысты дау шығып, олар Олимпиада алтынын қайтарып берген болатын. Сол шу шықпай тұрып-ақ Седов Ильиннің допингпен ұтқанын мәлімдеп, Талдықорғандағы Қазақстан біріншілігіне Ильинге жол берген ресейлік атлеттің суреті бар жейде киіп шықты.
Осылайша, ауыр атлетикадағы еліміздің басты жұлдызына қатысты қорықпай соғыс ашқан. Көп ұзамай Владимирдің шындығы жалғасын тауып, Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Илья Ильиннің 2008 және 2012 жылдардағы нәтижесін теріске шығарды. Ильин екі Олимпиаданың алтынын да қайтарып, допинг туралы айыппен келіскенін еді.
Бір қызығы, Седов 2013 жылы Алексей Нидің қоластынан кетіп, Ильиннің командасында дайындалған болатын. Бірақ оның салмағында Жасұлан Қыдырбаевқа көп көңіл бөлгеніне қапа болып, бұл ұжымнан тағы да бөлек кетті. Ол 2014 жылғы әлем чемпионатында Қыдырбаевтан ұтылып, күміс алды. Ал 2015 жылғы әлемдік додаға Қыдырбаев пен Өтешов аттанып, екеуі алғашқы екі орынды иеленіп келген. Содан соң допинг дауы Седовтың өзіне де жетті. 2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында алынған сынамадан станазолол табылып, әлемдік ұйым ауыр атлетті 8 жылға спорттан шеттеті! 2016 жылдың 1 тамызынан бастап Владимир Седов барлық жарыстар мен бапкерлік қызметтен ресми түрде аластатылған еді. Жаза мерзіміне бір жыл қалғанда Владимир өмірден өтіп кетті...
Достарының айтуынша, спортшы соңғы жылдары өмірден әбден түңілген. Мардымды жалақы жоқ, спорттағы достары да, сенім артқан бапкерлері де жанына табылмай, сынақты өте ауыр қабылдаса керек. Жеңіске жеткенде қолпаштап, жеңілгенде бұрылып та қарамайтын халықпыз ғой. Оның үстіне, былыққа белшеден басқан отандық ауыр атлетикадағы сорақы жағдайлар Седовты одан сайын ұмыттыра түскендей...
Владимир Седовтің қазасы еліміздегі ауыр атлетиканың берекесіз келбетін көрсетіп кетті. Талай жылдан бергі допинг дауы, атлеттерді қолбалаға айналдырып, қысым көрсетіп, жиырма жылға жуық уақыт тізгінді бермеген бас бапкер, спортшылардың арасындағы талас тартыс... Өкінішке қарай, осының бәрі қазіргі отандық ауыр атлетиканың шынайы бет-бейнесіне айналды.
Алексей Ниге қарсы шығып, ұлттық құрамадан бөлек дайындалған Илья Ильин мен оның командасы есіңізде ме? Ержас Болтаев сынды бапкерлер үй ішінен үй тігіп, бас бапкерге наразылығын айтып, жарыстарға жеке команда ретінде қатысып жүрді ғой. Олар сол кезде-ақ Нидің ұзақ жылдар бойғы қысымына қарсы шығып, бас көтерген еді. Сол қысым Седовтың да бар күшін сығып алды. Бас бапкер талай жарыстан шеттеткенін айтып, басын тауға да, тасқа да ұрған.
Өкініштісі сол, Олимпиада, әлем чемпионаты сынды айтулы жарысқа команданың екіге бөлініп қатысқанына спорт саласындағы шенеуніктер көз жұма салды. Есі дұрыс ел бір жарысқа екі бапкері бар екі түрлі құрамды жібермейді ғой. Елімізде жыл сайын ауысып жататын спорт саласының басшылары мен Ұлттық Олимпиадалық комитеттің уысынан шыққан мәселе бүгінде спортшылардың өліміне әкеп соқтырып жатыр. 2021 жылы 25 жастағы зілтемірші Альберт Линдер суицид жасаса, көп ұзамай 35-тегі Владимир Седов өзіне қол салды.
Ал бұл саладағы допинг дауы биылғы бесжылдықта бітпейтін сияқты. Себебі соңғы Олимпиада мен әлем чемпионаттарында жүлде алған ауыр атлеттердің барлығы да тыйым салынған препараттармен ұсталуда. Мәселен, Лондон Олимпиадасының чемпиондарынан бөлек, Рио Олимпиадасының жеңімпазы Нижат Рахимов, Токио Олимпиадасының жүлдегері Игорь Сон, Бейжің Олимпиадасының жүлдегерлері Ирина Некрасова мен Мария Грабовецкая, жастар арасындағы турнирлердің жеңімпазы Абылай Әуелханов бастаған допингшілерге тағы 8 спортшы қосылды. Олардың арасында 2021 жылғы әлем чемпионы Арли Чонтей мен биылғы әлемдік сынның күміс жүлдегері Нұрғиса Әділетұлы бар бар. Жыл сайын допингшілер тізімі ұлғайып, дау-дамайы көбейіп кеткен ауыр атлетиканы дұрыстап қолға алмайынша, мұндағы суицидтің алдын алу қиынға соғатын сияқты.
Бүгін допингпен ұсталған спортшылардың ертеңгі тағдыры ше? Олардың тағдыры кімге қызық? Бір сәтте далада қалған спортшыларды допинг ішуге итермелейтін кімдер?
Бұл сұрақтардың басы тағы да ашық қалмақ...