Тамирлан Гайтамиров: "Отанымның намысын қорғау әрдайым арманым болды"

Тамирлан Гайтамиров:
Хоккей

"Барыс" пен Қазақстан ұлттық командасының қорғаушысы Тамирлан Гайтамиров құраманың алғашқы жолдастық кездесуін қорытындылады.

- Әлем чемпионатында дайындық қарқынды жүріп жатыр. Жаттығу сайын әртүрлі ойын сәттерін талдап, жақсартуға жұмыс істеудеміз. Бапкерлер не істеу керектігін айтып жатыр, бізге тек соны орындау керек. Жаттығудан жаттығуға, матчтан матчқа жақсара түсуіміз керек.

- Бірінші жолдастық кездесу. Ойынға қандай баға бересің?

- Бәрі жақсы. Уақыт өте келе, бір-бірімізді жақсырақ түсінісе бастаймыз. Бірақ жұмысты тоқтатпау керек. Алғашында сан басымдығын дұрыс жүзеге асыра алмаған болуымыз мүмкін. Бірақ бапкерлер артық құрамда ойнайтын хоккейшілерге шайбаны жылдам қозғалтып, көбірек соққы жасау керектігін айтты. Сан басымдығын жүзеге асыру үшін тәжірибелі ойыншылар шығады. Шеберлік жағынан бәрі дұрыс, ал бір-бірімізді түсінуіміз уақыт өте жақсаратынын қайталап айта кетейін.

- Бүгін ұлттық құрама сапындағы алғашқы голыңды соқтың. Қандай сезімдесің?

- Астанада туып-өстім. Бала кезімнен «Барыс» пен ұлттық құрама ойындарын көріп, ер жеттім, әрдайым жанкүйер болдым. Отанымның намысын қорғау әрқашан арманым болды, оған қоса гол соға алдым. Сондықтан қойын дәптерімдегі бір мақсатыма қол жеткіздім деуге болады (күлді). Бірақ, бұл жолдың басы ғана. Әрі қарай жұмысты жалғастырып, дамып, командаға көбірек пайда әкелуге жұмыс істеу қажет.

- Сырттан қарағанда, дәл осы сәтте голға айналатын емес, қақпаға қарай соққы жасағандай болып көрінді.

- Жоқ, қақпаға қарай соққы жасадым, қолым бос еді. Рома Старченко жақсы пас берді. Женя Рымаревті көрдім, бірақ ол сәл оң жақта тұрды. Соққы жасайын – әрі қарай не болатынын көрерміз, бәлкім, біреу қақпа алдында шайба бағытын өзгертер деп ойладым. Сөйтіп, шайба қақпа торынан табылды. 

- Сен соққан гол ойын нәтижесіне әсер етті деуге бола ма? Содан кейін команда еркін ойнай бастағандай…

- Әр шайба маңызды. Алғашқы жолдастық кездесу болғандықтан, бәріміз жақсы ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске жеткіміз келді. Алда тағы бірнеше жолдастық матчтар бар, одан соң әлем чемпионаты. Онда жақсы дайындықпен барып, бір тұтас команда ретінде баруға тырысамыз. Бәрі не үшін жиналғанымызды, алдымызда қандай мақсат тұрғанын және артылған жауапкершілікті жақсы біледі.