Шорт-тректен IV қысқы Жастар спорт ойындары басталды

Шорт-тректен IV қысқы Жастар спорт ойындары басталды
Қысқы спорт

Бүгін Астана қаласында «Алау» мұзайдынында шорт-тректен IV қысқы Жастар спорт ойындары басталды, деп хабарлайды Bassport.kz.

Алғашқы жарыс күні 1500 метрде жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталса, эстафетада жартылай финалға шыққан командалар белігі болды. Ұлдар арасында 1500 метрге жарыста Мақсат Уалиулла (БҚО) чемпион атанды. Ал қостанайлық Руслан Плотников пен Жандос Серікпаев үздік үштікті түйіндеді. Қыздар арасында бұл қашықтықта Алина Әжғалиева (БҚО) топ жарса, Анастасия Астраханцева (Қостанай) күміс, Зейнеп Құмархан (ШҚО) қола жүлдеге қол жеткізді.

Қыздар арасындағы 2 шақырым эстафетада жартылай финалға БҚО, Шымкент қаласы, Қостанай, Ақмола, ШҚО мен Алматы қаласының командасы жолдама алды.

Ал Астана қаласы, БҚО, Қостанай, Қарағанды, ШҚО мен Алматы қаласының ұлдары ертең екіге бөлініп, финалистерді анықтайды. Аралас эстафетада Астана, Алматы Шымкент қаласы мен БҚО, Қостанай, ШҚО, Солтүстік Қазақстан облысы ширек финалдан сүрінбей,  келесі кезеңге шықты. Айта кетейік, шорт-тректен барлығы 11 өңірден 100 жуық спортшы жиналды. Олар 2005-2009 жылдар арасында дүниеге келген. Ертең 500 метр мен эстафетада жартылай финал жарысы өтеді. Шорт-тректен IV қысқы Жастар спорт ойындарының бас төрешісі – Фёдор Андреев.