Елена Рыбакина әлем теннисінде рекорд орнатты
Әлемнің жетінші ракеткасы Елена Рыбакина Майамиде өткен WTA 1000 санатындағы жарыстың финалында чехиялық Петра Квитовадан (7:6 (16:14), 6:2) жеңіліп қалды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Финалда жеңіліс тапқанына қарамастан, Қазақстанның бірінші ракеткасы әлем теннисінде рекорд орнатты. Ол WTA 1000 санатындағы бір турнирде 70-ке жуық эйс жасаған ғаламдағы бірінші теннисші атанды.
Отандасымыз Анна Калинскаямен ойында 14, Паула Бадосамен бәсекеде 12, Элизе Мертенспен және Мартина Тревизанмен болған матчтарда он, Джессика Пегуламен тартыста 11 және Петра Квитовамен финалда 12 эйс жасады. Майамидегі турнирде жасаған эйстерінің жалпы саны - 69. Бұған дейін бірде-бір теннисші мұндай жетістікке қол жеткізіп көрмеген.
АҚШ-тағы беделді бәсекенің финалында өнер көрсеткен отандасымыз 650 рейтингілік ұпайға ие болды.