Чемпиондар лигасы ширек финалына шыққан тағы екі команда белгілі болды
14 наурыздан 15 наурызға қараған түні Чемпиондар лигасы 1/8 финалының қарымта матчтары өтті, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Қарымта ойындар нәтижесінде ширек финалға “Манчестер Сити” мен “Интер” командалары өтті. Матч нәтижелері келесідей:
“Манчестер Сити” “РБ Лейпцигті” 7:0 есебімен жеңді. Оның бесеуін 22 жастағы норвегиялық футболшы Эрлинг Холанд соғып, пента-трик авторы атанды. Тағы екі гол Гюндоган мен Де Брейненің еншісінде. Бірінші матчтағы нәтиже 1:1 болған. Осылайша, "Манчестер Сити" жалпы 8:1 есебімен келесі кезеңге өтті.
Миландық "Интер" мен "Порту" арасындағы екінші ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. "Интер" 22 ақпанда өз алаңында соққан бір голының арқасында 2011 жылдан бері алғаш рет Чемпиондар лигасының ширек финалына шықты.