Ұлттық құрама ойыншыларының физикалық формасын сақтау маңызды - Скабелка
Хоккей
Екі апталық үзілістен кейін жаттығуға қайта кіріскен астаналық “Барыстың” бас бапкері команданың көктемгі дайындығының жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі.
“Маусымды айтарлықтай ерте аяқтадық. Команданың басым бөлігі ұлттық құрама мүшелері болғандықтан, физикалық қалыпты сақтау үшін осындай жаттығу жиындарын өткізу маңызды. Екіжақты келісімшарты бар ойыншылардың бір бөлігі Қазақстан чемпионатында «Номад» сапында өнер көрсетіп жатыр. Олар маусымды жалғастыруда және біздің назарымызда. Алдағы үш аптада «Барыспен» жұмыс істейміз, бес күн жаттығып, екі күн демаламыз. Бір кезеңде мұзда төрт, залда үш жаттығу өткіземіз. Сонымен қатар бұл қатарда екі аэробты жаттығу бар. Команда екі апта демалды, сондықтан қазір олардың физикалық формасын қайта қалыпқа келтіру маңызды. Көбіне күштік және аэробты жаттығуларға назар салуды жоспарлап отырмыз”, - деді Андрей Скабелка.