"Барыстың" үш бірдей шабуылшысы мерейтойлық матчтарын өткізді
Кеше сырт айдында «Автомобилистке» қарсы болған кездесуде "Барыстың" үш ойыншысы Лигадағы мерейтойлық матчтарын өткізді. Бұл туралы астаналық клубтың баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
Энтони Луис астаналық ұжымның сапын маусым басында толықтырғанымен, Лигадағы елуінші ойынын өткізіп үлгерді. Осы уақыт аралығында шабуылшы 26 (9+17) ұпай еншіледі, ол – команданың үшінші үздік сұрмергені. Луис әр матчта орта есеппен 17 минуттан көп ойын уақытын алады.
Өзге қазақстандық клубтардан өнер көрсетіп, араға бес жыл салып "Барысқа" қайта оралған тәжірибелі шабуылшы Михаил Рахманов Құрлықтық хоккей лигасының 150 матчына қатысты. Ол "Барыс" құрамында 26 (14+12) ұпай олжалаған.
Мансабындағы ең үздік маусымын өткізіп жатқан Егор Петухов Құрлықтық хоккей лигасындағы екі жүз елуінші мерейтойлық ойынын өткізді. Биылғы маусымда шабуылшы 15 шайба соғып үлгерді. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі маусымдарда соққан голдарынан бір шайбаға ғана кем. Бүгінде Егор – команданың осы маусымдағы екінші снайпері. Жалпы, Егор Петухов Құрлықтық хоккей лигасында 48 (31+17) ұпай еншілеген.