Михаил Мудрик "Челси" құрамына қосылуға жақын

Михаил Мудрик
Футбол

Лондондық "Челси" украиналық футболшы Михаил Мудрикпен келісімшартқа қол қою ісінде "Арсеналды" басып озуға ниетті. Команда өкілдері Лондонда "Шахтермен" оң нәтижелі келіссөз жүргізген, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

Кездесу нәтижесінде лондондықтар 21 жастағы жартылай қорғаушыны "Челси" сапына қосу жұмыстарын одан әрі жалғастыруға дайын екендігі анықталған. Олар "Шахтерге" 60 миллион және бонус ретінде 20 миллион фунт стерлинг ұсынған. 

Бұған дейін украиналық клуб "Арсеналдың" екі ұсынысын кері қайтарған. Олар соңғы рет бонус құнын қоспағанда, Мудрик үшін 44,2 миллион фунт ұсынған. 

Украина Премьер-Лигасының биылғы маусымында жартылай қорғаушы 12 матчқа қатысып, 7 голмен және 7 нәтижелі паспен көзге түскен. Сондай-ақ, ол Чемпиондар лигасының 6 ойынында 3 нәтижелі соққының авторы атанып, әріптестеріне 2 пас берген.